$498.34 €519.72 ₽4.85
×

3 жарым жасар Айлин әкесінің қамқорлығына алынды

AstanaTV
28.10.2016ж. 20:00
2317
3 жарым жасар Айлин әкесінің қамқорлығына алынды

Үш жарым жасар Айлин туған әкесіне қайтарылды. Павлодар қалалық білім бөлімінде құрылған комиссия осындай шешім шығарды. Бұған дейін тілшілермен кездесуден бас тартқан бүлдіршіннің әкесі Ермұрат Қасымов оқиғаға қатысты пікір білдірді. Қызының тағдырына алаңдаған ол соттың әділ боларына сенімді.

Ермұрат Қасымов, Айлиннің әкесі:

Өз баламды қорғағым келді. Оның тыныш жерде өсіп, жақсы тәрбие алғанын қалаймын. Ал бұрынғы әйеліме жамандық тілемеймін. Оның әрекетіне қатысты қандай да бір пікір айтқым келмейді. Бірақ мұндай жағдайға бей-жай қарауға болмайды. Енді бәрі соттың құзырында.

Айлиннің жағдайын психологтар қалыпты деп бағалады. Сәби алдағы уақытта да мамандардың бақылауында болады.

Жанна Қасымова, балаларға арналған мекеме басшысының орынбасары:

Бала негізінен әкесін де, шешесін де жақсы көреді. Өткен істі есіне алмайды. Ештеңе айтпайды. Баланың көңіл-күйі, барлығы жақсы. Өлең айтады, сурет салады. Қасында достары бар. 

Анасынан аяусыз таяқ жеген бүлдіршіннің тағдыры елді дүр сілкіндірді. Сұмдық бейнежазбаны тасбауыр ана әдейі түсіріп, балғынның әкесі мен ата-әжесіне жіберген. Полицейлер әйелдің кім екенін анықтады. Сәбиін төмпештеген 34 жастағы Павлодар тұрғынына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Нұргүл Докуова бұл әрекетін «ауыр эмоциялық қысымнан» жасадым деп, көпшіліктен кешірім сұраған.