Спорт Қазақстан
$443.72 €482.28 ₽4.9
×

"Көпті күйзелткен балабақша кезегі әзір шешілмейді"- демограф

15.08.2023ж. 20:00
739
"Көпті күйзелткен балабақша кезегі әзір шешілмейді"- демограф

Балабақшаларда орын тапшы. Өзекті мәселе өз шешімін таппай келеді. Қазақстанда бөбекжайдағы 100 орынға орта есеппен, 106 баладан келеді. Ал кезекте тұрған 2 мен 5 жас аралығындағы балалардың қатары күннен күнге артуда. Жауаптылар мәселені жақын арада шешеміз дейді. Келер жылы ата-аналар мектеп жасына дейінгі балаларын балабақшаға кезекке қоярда бірден төрт бөбекжайды таңдай алады. Бірақ ол тапшылықты жоя ма? Әріптесім, мәселеге үңіліп көрді.
Диананың 3 баласы бар. Тұңғышын тұрғылықты мекен-жайы бойынша үйдің маңындағы мемлекеттік балабақшаға орналастырмақ болған. Бірақ орын жоқ. Кезек те жақындар емес. Ал жекеменшік балабақшалар қымбат дейді.
Диана КАРПОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Үлкенім 4-тен асты. Балабақшаға кезек келгенше мектепке баратын уақыт болады. Ортаншы баламызды да жекеменшік бөбекжайға беруге мәжбүр болдық. Себебі мемлекеттік балабақшаларда орын лық толы. Екі балаға ай сайын 100 мың төлейміз. Қалтаға ауыртпалық салады.
Пандемия кезінде елде 1 миллионға жуық бала дүниеге келген. Ал 1 мен 5 жас аралығындағы бүлдіршіндер саны 2 миллионнан асады. Республика бойынша жұмыс істеп тұрған 11 мыңнан астам балабақша барлығын бірдей қамтуға жетпейді деген мамандар, мәселенің жақын арада шешілетініне күмәнмен қарайды.
Шынар ТӨЛЕШОВА, ДЕМОГРАФ:
2005 жылдан бастап қарасақ жылдан жылға туу көрсеткіші жоғарылап келе жатыр. Бұның барлығы бала санының көбейуіне әкеліп жатыр. Ең бірінші кезекте бала санының артуы бұл балаларға арналған әлеуметтік объектілердің: мектеп санының, балабақша санының білім беру саласы объектілерінің тапшылығын туғызуда.
Бүгінде 135 мыңнан астам бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Мектепке дейінгі ұйымдарда орындарды бөлуде ашықтықты қамтамасыз ету үшін жыл соңына дейін кезекке тұрудың бірыңғай деректер базасы жасалмақ. Жыл соңына дейін 81 мың жаңа орын ашу көзделіп отыр дейді министр.
Ғани БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
Мектепке дейінгі ұйымдарда орындардың бөлінуін ашық жүргізу үшін жыл соңына дейін Балаларды кезекке қоюды есепке алудың бірыңғай базасы әзірленуде. Оны толықтай іске қосу жылдың соңына дейін жоспарланып отыр.
Енді ата-аналар бүлдіршіндерін өздеріне ыңғайлы мекен-жайдағы кез келген балабақшаға кезекке қоя алады. Ол үшін қала мен елді-мекендердің карталарына барлық мектепке дейінгі мекемелер мен кезек қозғалысы жарияланбақ. Ал балаларды балабақшамен 100 пайыз қамту 2028 жылға қарай жүзеге аспақ.