Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

20 тамыз күні 3 облыстағы 21 ауыл әкімінің сайлауы өтеді – Ерлан Қарин

AstanaTV
15.08.2023ж. 19:30
713
20 тамыз күні 3 облыстағы 21 ауыл әкімінің сайлауы өтеді – Ерлан Қарин

Өткен жексенбі күні яғни 13 тамызда еліміздің 7 облысында 17 ауылдың әкімі сайланды. Соңғы екі жылда Президенттің саяси реформалар бағдарламасы аясында ауыл әкімдерін халықтың өзі тікелей сайлайтын болды. Осы уақытқа дейін 1 668 ауыл, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала әкімдері сайланды. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің Telegram парақшасында жазды.

«Үміткерлердің 75 пайызын саяси партиялар ұсынса, қалған 25 пайызы өзін-өзі ұсынушылар. Сондай-ақ сайланған әкімдердің жартысынан астамы (57,4%) бұрын мұндай қызмет атқармаған. Бұл ауыл әкімдерінің корпусы айтарлықтай жаңарды деген сөз. Бұдан бөлек жергілікті әкімдердің құрамы да біршама «жасарды». Бүгінде сайланған әкімдердің орташа жасы 45 жасты құрайды», - деп жазды ол.

Сондай-ақ Ерлан Қарин алдағы жексенбіде, 20 тамыз күні 3 облыстағы 21 ауыл әкімінің сайлауы өтетінін мәлімдеді. 2023 жылдың соңына дейін барлығы 199 елді мекенде жаңадан әкімдер сайланады. Солайша, ауыл әкімдерін сайлау еліміздің саяси өмірінде қалыпты құбылысқа айналды.