$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Журналист Сандуғаш Дүйсеноваға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

AstanaTV
15.08.2023ж. 21:00
701
Журналист Сандуғаш Дүйсеноваға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

Журналист Сандуғаш Дүйсеноваға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды.

Бұған дейін Сандуғаш Дүйсеноваға қатысты өмірге қол сұғылмаушылықты және дербес деректер мен оларды қорғау туралы заңнаманы бұзу фактісі бойынша Қылмыстық іс қозғалғаны белгілі.

«2023 жылғы 14 тамызда Дүйсенова Жетісу облысының прокуроры Мадияр Басшыбаевпен қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі бойынша жеке қабылданды. Оның дәлелдерін ескере отырып, прокуратура зерттеу үшін қылмыстық істі сұратып алды. Қылмыстық кодекстің 147 бабының 5-бөлігіне сәйкес қылмыстық жауаптылық бұқаралық ақпарат құралдарында дербес деректерді заңсыз тарату нәтижесінде адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірілген жағдайда туындайды», - деп хабарлады Бас прокуратура.

Алайда, тергеу органы заңнамада көзделген тергеу мерзімінде жәбірленушіге елеулі зиян келтірілгенін растайтын жеткілікті нақты деректерді анықтаған жоқ.

Осыған байланысты, Талдықорған қаласы прокурорының қаулысымен сотқа дейінгі тергеу іс-әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды (Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағы).

Егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, бұл ретте Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте дербес деректерді заңсыз жинау және (немесе) өңдеу үшін жауапкершілік көзделген.

Сондықтан материалдар әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға сәйкес оларды қарау үшін ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органға жолданды.

Еске салайық, бұған дейін жетісулық журналист Сандуғаш Дүйсенова қамауға алынған еді. Ол өзін тергеу барысында полицейлердің қорлағанын мәлімдеген соң, қоғамда құқық қорғау органдарының әрекетіне қатысты сын көбейіп кеткен еді. Журналист, қоғамдық белсенді 11 тамыз күні ұсталған. Оған ҚР Қылмыстық кодекстің 147-бабы 5-бөлігі бойынша айып тағылды. Кейін үйқамаққа шыққан журналист өзін полицейлер бөлімшеде шешіндіріп, видеоға түсіргенін жазды.