Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

"Әйелдерге деген өшпенділік пайда болды": Актер Ерболат Әлқожа түсірілімнен кейін психологқа жүгінгенін жасырмады

AstanaTV
16.08.2023ж. 11:13
880
"Әйелдерге деген өшпенділік пайда болды": Актер Ерболат Әлқожа түсірілімнен кейін психологқа жүгінгенін жасырмады

Баян Алагөзованың продюсерлігімен түсірілген “Бақыт” фильмі көпшіліктің талқысына түскені, ұмытылмас әсер қалдырғаны даусыз. Кинода басты рөлдердің бірін сомдаған Ерболат Әлқожа “Әйел энергиясы” бағдарламасына берген сұхбатында кинодағы құпияларымен бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Актер атышулы фильмге қалай қабылданғанын бастан-аяқ баяндап берді.

“Маған хабарласып, сценарийді жіберді. Мен оқып шықтым, сосын мен келістім ойнаймын деген кезде маған әйеліңнен сұрадың ба? деді. Мен тоқтап қалдым. Содан не керек, әйеліме сценарийді жібердім. Оқып болғаннан кейін маған ойнағың келе ме сенің деді. Иә, ойнағым келеді дедім. Ойна мынау жақсы кино деді. Мен оған кинода төсек сахналары болатынын айттым. Сценарийде былай жазылғанымен түсірілім алаңында одан да күрделі болуы мүмкін тіпті тыр жалаңыш шығуым да ғажап емес екенін ескерттім. Бірақ әйелім қарсылық танытпады", - дейді актер.

Актердің айтуынша, аталмыш фильм ол үшін ауыр тиген. Ол рөлге сәйкес келгенімен, ішкіш кейіпкердің бейнесіне ену қиынға соққан көрінеді.

"Кино өте ауыр. Біздің менталитетке қарама-қайшы, дегенімен бірақ біздің қоғамда орын алып жатқан оқиға. Менің ойнау қабілетім, барлығы түсірілім алаңында келіп тұрды. Дегенмен маған режиссер сен жақсы келіп тұрсың, бірақ түрің алқашқа ұқсамайды деді. Мен не істеуім керек бұл жағдайда? Сұрадым, кеңес алдым. Бірақ маған ішесің деді. Түсірілім алаңында ішіп жүруге тура келді. Мен негізі ішкенді ұнатпаймын. Кешкі сағат 9-10 шамасында келемін. Таңғы сағат 3-4-ке дейін ұйықтамаймын. Тәтті ұйқыға кеткенде олар мені 7-де оятып алады. Ол жерде менің ұйқым қанбаған, бетім ісіп кеткен, ішкенім де бар, көңіл-күйім жоқ", - дейді Ерболат Әлқожа.

Туындының ауыр болғаны соншалық актер психолог маманның көмегіне жүгінуге мәжбүр болғанын айтады.

“Шыны керек, дәл осындай сахналар маған өте ауыр тиді. Осымен екінші рет менің осылай ауыр сахналарды ойнап, образдан шыға алмай қалуым болды. Жасыратыны жоқ ешкімге айтпай, психологқа барып жүрдім. Тіпті осы фильмнен кейін бүкіл әйел адамдарға өшпенділік болды. Қыз-келіншектерді жек көре бастадым”, – дейді өнер иесі.