Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Атырау қаласы іргесіндегі Тасқала ауылының тұрғындары карьердің жабылуын талап етуде

16.08.2023ж. 20:00
1336
Атырау қаласы іргесіндегі  Тасқала ауылының тұрғындары карьердің жабылуын талап етуде

Атырауда Тасқала ауылының тұрғындары елдімекен маңындағы карьердің жабылуын талап етіп отыр. Бұрынғы жайылымдық жер шаңды топыраққа айналып, қоршаған ортаға ғана емес, тұрғындар денсаулығына зиянын тигізуде,- дейді жұрт. Ал бұған карьер иесі не дейді? Тараптарды тілшіміз тыңдады.

Ала шаң, антисанитария. Тасқалалықтар 4 жылдан бері көрген күніміз осы дейді. Ауыл іргесінде карьер келгелі таза ауаны ұмытқанын айтып, бұған дейін де талаптарын білдірген. Бірақ араға уақыт салып, жұмыс қайта жанданғанына наразы.

Орал ДӘРІБАЕВ, ТАСҚАЛА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 Сол карьердің иесі, әкіммен бірге келіп, халықтан рұхсат сұрады. Мен енді тағы да топырақ алуым керек, ұзындығы 200 метр, енді 100 метр карьер қазуым керек. Ал соны алғаннан кейін содан кейін мен осы карьермен боламын. Карьер жабамын деп. Жабылған карьерді неге аштырады?

Карьер иесі ауылда салынып жатқан мектепке ғана топырақ аламын деп түсіндіріп әлек. Өйткені білім ордасын салып жатқан компания карьердің орнын рекультивация жасауға көмектесетінін айтқан.

Қадырбек МАҒЗОМОВ, КӘСІПКЕР:

Мен 2 жыл карьерді тоқтаттым, карьерді ашқан жоқпын. Көпір салынып бітірсін сосын жұмысымызды жалғастырамыз деп. Көктемде жұмысымызды бастадық. Біздің заңдық құжатымыз бар, бүкіл қағазымыз бар.

Қалай дегенде де халықтың талабы орындалды. Бүгіннен бастап карьер жабылады,- деді табиғи ресурстар басқармасының заңгері.

Сапарбай ҚУАНЫШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЗАҢГЕРІ:

Осыдан 3 ай бұрын, наурызда біз «Элитстройға» хат жіберілген, мына кемшіліктер бар, соларды тоқтатуға, соларды шешуге шақырғанбыз заң бойынша. Жер қойнауын пайдалану кодексі бойынша . Осылардан хабар болмағаннан кейін 3 ай уақыт өтті бүгіннен бастап элитстройдың жер қойнауын пайдалану бойынша лицензиясы тоқтатылды.

Бұған дейін де уақытша жабылып, қайта ашылғандықтан халықтың көңілінде бәрібір алаң қалды. Тек бұл жолғы жауап соңғы болса екен дейді.