$494.87 €520.65 ₽4.91
×

1 шетелдік турист Қазақстанға қанша табыс әкеледі?

16.08.2023ж. 20:00
1079
1 шетелдік турист Қазақстанға қанша табыс әкеледі?

Қазақстанға алыс шетелден келетін әрбір турист орта есеппен мың жарым доллар көлемінде табыс әкеледі. Соңғы екі жылда елге ағылған өзге мемлекеттіктер саны пандемияға дейінгі көрсеткішпен теңесті дейді мамандар. Шетелдіктер көбіне қайда барады, қай өңір туристер қызығушылығын туғызады? Тілшілер тарқатып айтады.

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Қазақстан - тылсым табиғатымен таңқалдыратын мемлекеттердің бірі. Бізде үстірт те, шатқал да, сәби көзіндей тұңғиық-мөлдір көл де, асқар Алатау да бар. Бурабайдың табиғаты, Алакөлдің шипалы суы, Баянауылдың тылсым даласы соған дәлел. Алайда, жылдар бойы көңіл бөлінбеген бұл салаға билік енді ғана ден қойып келеді. Өзге ел тұрмақ, отандастарымыздың өзі Ұлы дала ғажайыптары жайлы енді-енді біліп жатыр.

БЛИЦ-ОПРОС:

- Аударма: Бізде де керемет жерлер бар. Бурабай, Алматы, Алакөл, Қапшағайдың табиғаты шетелден кем емес.
- Бұл мәселеге соңғы кезде ғана қатты назар аударылды. Еуропалық елдермен салыстырғанда, көрші жатқан елдермен біздің туризм ондай қатты деңгейде дамыды деп айта алмаймын.
- Элитный жерге баратын болсаң, ол жерде ақшасын көбірек төлейсің. Сондықтан жақсы, асты-үстіңе түседі. Астыңа қызыл кілем жазып. Ал егер орташа бағамен баратын болсаң, жағдайы да нашарлау. Енді қалтаң көтеретініне барасың ғой бір жағынан.

Әсіресе, жұрт Астана, Бурабай, Түркістан, Шымкент және Алматыға барғанды ұнатады. Алайда, қызмет көрсету құны жылдан жылға қымбаттап барады. Былтырдан бері 27 процентке өскен. Мысалы, Астанадан Бурабайға дейін жол ақысы 6000 тг, бір жатын орын былтыр 7 мың болса, биыл 10 ға барады, екі велосипедті бір тәулікке жалға алу - 5000, ал қайықпен серуендеу кем дегенде 2000 тг. Бұл - ең төменгі баға. Ал егер жатын орны, тамағы, адам жанына керекті дүниенің бәрі кіретін қонақүй нөмірін жалға алсаңыз, күніне 25-30 мың теңге керек.

Құн өскен соң, қызмет сапасы жақсара түссе дейді мамандар. Себебі, сырттан келетін туристер саны соған тікелей байланысты.

Ернұр КЕНЖЕБЕКОВ, «KAZAKH TOURISM» ҰК АҚ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Орналасу орындарының саны өсіп келе жатыр. Туристік ағым әсіресе пандемиядан кейін сырттан келетін туристер саны қайта қалпына келіп, өткен жылдың көрсеткіші пандемияға дейінгі жылдың көрсеткішімен теңеліп, осы жылдың нәтижесі бойынша ұлғаю күтіледі.

Қазір әлем елдері туризмді бюджет қаржысын еселейтін сектор ретінде қарастырады. Сондықтан бәсекелестік жоғары. Ал туристер -ең құнды ресурс. Қазақстанға 1 шетелдік турист орта есеппен 1500 доллар көлемінде табыс әкеледі. Турист көбейсе, сәйкесінше мемлекет қазынасына түсетін қаржы көлемі артады.

Нұртас БАЙЛАРОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІ ТУРИЗМ ИНДУСТРИЯСЫ КОМИТЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС САРАПШЫСЫ:

Ұлттық банктің дерегіне сәйкес Қазақстанға алыс елден келген 1 шетелдік турист орта есеппен 1500 АҚШ доллары мөлшерінде табыс әкеледі. Әр шетелдік турист 2 жұмыс орнын ашуға себеп болады.

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Былтыр елімізге өзге мемлекеттен 1 млн-ға жуық турист келген. Нәтижесінде 389 миллиард теңге салық түсіп, рекордтық нәтиже тіркелді. Шетелдіктер үшін елдегі танымал аймақтардың бірі - Түркістан қаласы. Өңірдегі туризмнің ахуалы туралы әріптесім Айзада Төребекқызы айтады. Айзада...

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Ақбота, рас, Түркістан түрленіп, түлегелі турист тіпті көбейді. Елдегі үшінші мегаполис Шымкентке де арнайы ат терлетіп келетіндер аз емес. Былтыр 450 мың адам келген. Алдыңғы жылға қарағанда 2,5 есе артты дейді мамандар.

Республикалық көрсеткішке сәйкес, шаһарға келген туристер саны бойынша Шымкент қаласы 3 орында. Былтыр экологиялық туризм бағытындағы туристердің саны 74 мың адам болса, биыл 7 айда ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда демалушылар 100 мың адамнан асқан. Нәтижесінде туризм саласында көрсетілген қызметтерден түскен түсім көлемі еселенуде. Былтыр -5 млрд теңге табыс болса, биыл алғашқы тоқсанда ол 1млрд теңгеден асқан. Шетелден келетін туристер тәулігіне орта есеппен 100 доллар шамасында елімізге қаржы қалдыратын көрінеді.

Нұрдәулет МЕДЕУОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

 Біздегі келген туристердің көбісінде- негізі орта деңгейлі туристер. Жалпы орналастыру орындары бойынша шығындары бір күндік шығыны негізі- 23 мың теңгедей құрайды. Яғни туристерді, ал қосымша тамақтану, өзге де қызметтерді қосып есептегенде бір 40 мың теңгенің шамасында. Яғни бұл дегенде егер туристер бір апта немесе үш- төрт күн демалыс өткізген жағдайда шамамен біздегі 500-700 доллардың көлемін құрайды.

Түркістан олысында туризмді түлету бағытында атқарылып жатқан шара көп. Жыл басынан бері жиырмаға тарта іс-шара арнайы ұйымдастырылған. Солардың қатарында рухани мекенде неке қия рәсімі, гастро фестиваль, этно фестиваль сынды шаралар көпшілік назарын аударуда. Облыста балалар туризмін дамыту бойынша да бірқатар жоспар бар.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Айта кетейін, алдағы 7-8 қыркүйек күндері Түркістан қаласында Түркітілдес мемлекеттердің туризм министрлерінің отырысы өтеді. Отырыста Түркістан қаласына «Түркітілдес мемлекеттердің 2024 жылға туристік астанасы» статусы арнайы беріледі деп күтілуде.