Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

1 қыркүйектен бастап ай сайынғы мемлекеттік шәкіртақы мөлшері артады

18.08.2023ж. 20:00
954
1 қыркүйектен бастап ай сайынғы мемлекеттік шәкіртақы мөлшері артады

1 қыркүйектен бастап мемлекеттік шәкіртақы мөлшері өседі. Бұрын 36 мың теңге алып келген бакалавр студентінің стипендиясы 43 мың теңге болмақ. Ал колледж студенттерінің шәкіртақысына 11 мың теңге қосылады. Бұл білім алушылардың жатын орны мен ас-ауқатына жете ме? Әріптесім Ақбота Базарбай студенттермен тілдесті.

Зухра Кетебаева мемлекеттік грант иегері атанды. Дәрігер мамандығына оқуға түсті. Шәкіртақы өседі дегенді естіп, балаша қуанды. Өйткені, ол басқа қаладан Астанаға білім алуға келген. Сәлде болса шығынымызды жауып, ата-анаға салмақ салмаймын деп отыр.

Зухра КЕТЕБАЕВА, СТУДЕНТ:

Шет қалада жүрген студенттер үшін үлке бір пайда болып келеді. Қаржы жағынан қиналмайды деген секілді. Өз стипендиясының жоғарылауы оның жүріс-тұрысына да қажет болады. Мен осы еліміздің медицина саласын көтергім келеді.

Ал Ұлбосын стипендияның өскені білімге ден қойған жастарды қамшылай түседі деп есептейді.

Ұлбосын САПАРОВА, СТУДЕНТ:

Ол студенттерді алдыға қарай ынталандырады. 43 мың теңге болды деген сөз өте жақсы. Енді, Инша Аллах, 50 мыңға дейін көтереді деген ойдамын.

Бакалавр дәрежесінде білім алушылардың шәкіртақысы қыркүйектен бастап - 43 мың теңгеге, магистранттарға - 97 мың теңгеге, докторанттарға, оның ішінде «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша – 217 мың теңгеге өседі. Ал Техникалық және кәсіптік білім беру студенттерінің шәкіртақысы 50 процентке артпақ.

Динара АЛИМОВА, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ

Бакалавриат студенттерінің мемлекеттік шәкіртақысы 20 пайызға, магистранттар мен докторанттардың 15 пайызға, техникалық және кәсіптік білім беру студенттерінің шәкіртақысы 1 жарым есеге артады. Сонымен қатар, келесі айдан бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтерінің жалақысы 30 пайызға өсетін болады.

Күзден бастап колледж студенттерінің шәкіртақысы да 11 мың теңгеге көбейеді. Бұл бастама колледж студенттерінің әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, техникалық кадрларды даярлау сапасын арттырмақ.

ШӘКІРТАҚЫ МӨЛШЕРІ

- Бакалавриат - 43 000 тг;

- Магистранттар – 97 024 тг;

- Докторанттар – 217 500 тг;

- Техникалық және кәсіптік білім беру - 50%