$487.37 €532.94 ₽5.09
×

"Алдағы 20 жылда Алматы халқының саны 3 миллионға жуықтауы мүмкін", - Қ.Тоқаев

18.08.2023ж. 20:00
1013
"Алдағы 20 жылда Алматы халқының саны 3 миллионға жуықтауы мүмкін", - Қ.Тоқаев

"Алдағы 20 жылда Алматы халқының саны 3 миллионға жуықтайды деген болжам бар. Соңғы 10 жылда қала өте жылдам әрі ретсіз өсті". Мегаполиске жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы инфрақұрылымға қатысты осындай кемшіліктерді жіпке тізіп айтты. Қаланы дамытуға қатысты кеңес өткізді.


 «Аюсай» бөгеті Үлкен Алматы өзенінің бассейнінде орналасқан. Оның жоғары жағында сел қаупі бар 98 учаске, 89 мұздық, 20 мореналық және мұзды көл бар. Бөгет сел жүру қаупін барынша азайтып, 500 мыңнан астам халық пен 2 мыңға жуық нысанның табиғат апатынан қорғалуын қамтамасыз етеді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Алматының тұрғындарының қауіпсіздігіне байланысты ғой енді бұл жұмыс. Сондықтанд 500-ден астам адам істеп жатыр. Оларға сәлем айтыңыз жұмыстарыңыз табысты болсын.

Одан соң Президент қаладағы былтыр қолданысқа берілген Рrometheus school мектебіне барды. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев білім ордасының оқу кабинеттері мен оқу орнының жалпы инфрақұрылымымен танысты. Үшінші сынып оқушысы Сәлім Көпеев Президентке өз қолымен жасаған бұйымын сыйға тартты.

Мемлекет басшысы Алматы қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелері бойынша жиын өткізді. Кеңес барысында қаланың коммуналдық, жол және әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ білім, экология және медицина салаларында қордаланып қалған проблемаларды шешу жолдарын талқылады. Себебі алдағы 20 жылда қала тұрғындарының саны 3 миллионға жуықтауы мүмкін деген болжам айтылды. Сондықтанда мемлекет басшысы әрбір мәселені уақытылы шешіп отыру керек деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Соңғы 10 жылда қала өте жылдам әрі ретсіз өсті. Алматының аумағы екі еседен астам кеңейді. Бірақ инфрақұрылымның дамуы әр жерде әртүрлі болып отыр. Қалада тұрғындар саны орташа алғанда жыл сайын 70 мың адамға көбейіп келеді. Жұмысқа, сабаққа бару үшін іргелес елдімекендерден күн сайын 500 мың адам Алматыға келіп кетеді. Мұндай түйткілдерді уақтылы анықтап, дер кезінде шешіп отыру қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаладағы өрт қауіпсіздігі мәселесі бойынша да алдын-алу шараларын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, президент Алматының экологиялық ахуалын жақсарту үшін қаладағы көлік қозғалысын реттеп, электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту қажет деді. Кеңес барысында Алматының экономикасын әртараптандыру мәселесі сөз болды.