Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Ембі сынақ алаңы қайтарылды

AstanaTV
31.10.2016ж. 20:00
5161
Ембі сынақ алаңы қайтарылды

Ресей Федерациясы Ақтөбе облысының аумағындағы Ембі сынақ алаңынан түбегейлі бас тартты. Қазақ жерін әскери мақсатқа жалға алып, пайдаланып келген келісімнің ұзартылмайтындығын айғақтайтын хаттамаға Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу қол қойған. Бұл туралы ақпарат Ресей қорғаныс министрлігінің ресми сайтында жарияланды. Мұны Ақтөбе облысы жер қатынастары басқармасы өкілдері де растады. Енді жергілікті атқамінерлер аталған аумақты бастапқы қалпына келтіруі жұмыстары қолға алынатын айтты.

Ерлан Евескин, Ақтөбе облысы жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:

Екі тараптан, құзыретті органдарынан құрылатын комиссия ол жерлердің бүлінген жерлерін анықтайтын болады. Егер анықталған учаскелер, Ресей тарапынан бастапқы жағдайына келтірілетін болады. Одан соң, қайтарылып алғаннан кейін болашақта ауыл шаруашылығы мақсаттарына және ол жерде көптеген кен орындары орналасқан, соған игеріледі, сол мақсатта пайдаланылатын болады.

Әңгіме арқауы болып отырған 308 мың гектар жер Ақтөбе облысының Байғанин, Мұғалжар және Шалқар аудандарының қиылысқан тұсында жатыр. Бұл полигон 1960 жылы КСРО Қорғаныс министрлігі әуе қорғанысы күштерінің әскери техника мен қару-жарақтың жаңа түрлерін сынақтан өткізу және пайдалану, оқу-жаттығу өткізу алаңы ретінде құрылған. Кеңес Одағы ыдыраған соң бұл жерді Ресей тарапы жалға алып келді. Сондай-ақ, Ресей тарапы ел экономикасы үшін шамамен  жылына 718 мың АҚШ долларын үнемдейтіндерін жариялаған. Ембі полигонына қарасты болған Жем қаласындағы жылжымайтын мүліктер 2011 жылы қайтарылған. Ал полигон 2008 жылдан бері бос жатқан.

Естеріңізге салсақ, ресейліктердің иелігіндегі Сарышаған полигонына да Ақтөбе облысының 617 мың гектар жері тиесілі. Сондай-ақ, Байқоңыр ғарыш айлағынан 98 градуста ұшырылған зымырындардың бірінші бөлігі құлау үшін Ырғыз ауданынан 22500 гектар жер бөлінген. Соңғы аумақ үшін Ресей тарапынан Ырғыз аудандық бюджетіне жылына 103 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы түспек.