Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Мектеп оқушыларына хиджап киюге бола ма?

21.08.2023ж. 20:00
1084
Мектеп оқушыларына хиджап киюге бола ма?

Мектеп оқушыларына хиджап киюге бола ма? Қанша жылдан бері шешімі табылмай келе жатқан орамал дауы әлі басылар емес. Бірі – зайырлы мемлекетте әркім не киерін өзі беледі десе, енді бірі – ортақ заңға бағынған дұрыс дейді. Былтыр қағидаға бағынғысы келмеген біраз ата-ана діни киім үлгісіне рұқсат бермегені үшін балаларын оқытудан бас тартқанын естіген едік. Биыл қалай болмақ? Жалпы мектеп формасына қатысты өзгеріс бар ма? Базар бағамы қандай? Әріптесім Аружан Задабектің бейнематериалы.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы ғана күндер қалды. Мен дәл қазір мектеп оқушысына қажет деген ең басты киім үлгілерін және олардың бағаларын көрсеткім келеді. Ең алдымен ол – жейде және белдемше. Сондай-ақ образыңызды әдемі жилетпен толықтырсаңыз болады. Ал күн салқындағанда костюм кию артық болмайды. Міне, қыздарға арналған шалбарды да таңдай аламыз. Мектеп формасын таңдағанда ата-аналар аяқ-киімді де ұмытпайды. Өйткені, бұл – ең бастысы.
Тек қажет деген киімнің өзіне 98 600 теңге кетті. Әлі алынбаған жемпір, галстук секілді «майда-шүйде» тағы бар. Оған оқу құралдарын қосыңыз. Хош, енді мектеп формасына биыл енгізілген өзгерістерге тоқталайық. Оқушыларға поло жейде, тенниска, водолазка, тоқыма жемпір мен кардиган киюге рұқсат етіледі. Ал галстук тағу міндетті емес.
Ер балалар пиджак, жилет, жейде және түймелері бар жемпір, шалбар кие алады. Қыздарға да пиджак, жилет, шалбар, юбка, тоқыма жейде мен кардиган киюге рұқсат. Ал салқын күндері мектепке водолазка, сарафан киіп бара алады.

БЛИЦ-ОПРОС:
 – Не алып жатсыздар? – Бүгін алып жатқан рубашка, юбкасын, тағы шалбарын алып жатырмыз. И аяқ-киім. – Шамамен қанша ақша кетеді? – 60 мың кетеді.
- Алдыңғы жылы біз баланы 40 мыңға киіндірдік. Қазір уже екі есе өсіп тұр. Өсті, едәуір өсті.
 – Үш балаға қанша қаражат кетеді? – Біраз. 200-ден аса. Жыл сайын қымбаттайды.
Бағаның өскені жасырын емес. Оны кәсіпкерлер де мойындайды. Бұған шетелден келетін мата бағасының қымбаттауы себеп болған.

Шырын ИТБАЛАҚОВА, КӘСІПКЕР:
Адам өте көп. Ол, біріншіден, отандық өнімге деген сұраныс. Қазіргі қазақстандықтардың өзге елдердікін емес, өзіміздің отандық өнімге деген көзқарастары өзгерді. Сапасына қарай, дизайнға қарай біздің киімдер ешкімнен кемқалып жатқан жоқ десек болады.
Орамал мәселесіне ойысайық. Қазір бұл тақырып қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бірнеше күн бұрын ғана әріптесіміз Оқу-ағарту министріне «діни киімді мектепте киюге бола ма?» деп сұрақ қойып еді. Мынадай жауап естідік.

Ғани БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
Заң жолымен жүретін боламыз. Басқа ешнәрсе айта алмаймын.
Мектептегі хиджаб мәселесі Қазақстан ғана емес, шет елдерде де жиі талқыға түседі.
Өзбекстан. Форма нұсқаларында хиджаб жоқ. Бірақ, тыйым туралы да ештеңе айтылмаған. Әзірбайжан министрлер кабинеті де биылдан бастап үш түрлі киім үлгісін бекітті. Одан өзге киіммен мектепке келуге болмайды. Дегенмен, қыстыгүні қыздардың шалбар киюіне рұқсат. Тәжікстанда мектеп формасын тіпті сырт киіміне дейін қандай болуы керегі анық жазылған. Тақияға рұқсат, бірақ хиджабқа, екі сырға тағуға, тату мен пирсингке тыйым салынған.

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ:
Зайырлы қоғамдағы заңдар мен ережелер – барша адамның тең құқығын басты орынға қоятын кепілдік құжат және азаматтардың өмір сүру тәртібін көрсететін бағдар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылман жамағатын, ата-аналарды бірлікке үндейді және мектеп басшыларымен ортақ мәмілеге келуге шақырады.
Бұдан өзге, кей ата-ана бастауыш сынып оқушыларының формасына да өзгеріс енгізуді сұрайды. Өйткені, классикалық үлгідегі киім ойын баласына ыңғайсыз – дейді. Алайда министрлік бұл өтініштің, әзірге, орындалмайтынын айтты.