Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Қазақстандықтар енді Вьетнамға визасыз бара алады

21.08.2023ж. 20:00
815
Қазақстандықтар енді Вьетнамға визасыз бара алады

Қазақстандықтар енді Вьетнамға визасыз бара алады. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысының Вьетнамға жасаған сапарында белгілі болды. Бұдан өзге екі ел президенттері келіссөз барысында оннан астам құжатқа қол қойды. Ресми сапар аясында тағы қандай ортақ мәселелер талқыланды? Тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатады.
Бұл - қазақ басшысының Ханойға алғашқы ресми сапары. Негізі сапар екі ай бұрын болуы керек еді. Алайда Абай облысындағы алапат өртке байланысты кейінге шегерілген. Қазақстан делегациясын Вьетнам президенті сән-салтанатпен қарсы алды.
Салтанатты шарадан соң Қазақстан мен Вьетнам президенттері келіссөз жүргізді. Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, агроөнеркәсіптік және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ

 Қазақстан Президенті ретінде Сіздің еліңізге алғаш рет сапармен келіп отырмын. Мен бұл сапарыма баса мән беремін. Қазақстанда Сіздің елге және Вьетнам халқына зор құрметпен қарайтынын атап өткім келеді. Вьетнамның экономикалық жетістіктері елдеріміздің ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға берік негіз болады. Біз екі мемлекет арасындағы экономикалық, саяси қатынастарға баса мән береміз және Вьетнамның экономикалық зор әлеуетін және оның халықаралық аренадағы беделін жоғары бағалаймыз.
Биыл алты айда екі ел арасындағы тауар айналымы 600 миллион долларға жеткен. Алдағы уақытта оны миллиард долларға жеткізу жоспары бар. Келіссөз барысында Президент Вьетнам басшысын Қазақстанға шақырды.

Во Ван ТХЫОНГ, ВЬЕТНАМ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сіздің елімізге жасаған алғашқы ресми сапарыңыз екі мемлекеттің дәстүрлі достық қарым-қатынасы мен көпжақты ынтымақтастығын жандандыруға тың серпін беретініне сенімдімін. Вьетнам Қазақстанның дамуын және Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан халқының жеткен зор табысын жіті бақылап отыр. Сіздің тәжірибеңіз бен стратегиялық көрегендігіңіздің арқасында Қазақстан одан әрі дамып, әлемдегі және аймақтағы тұрақтылықты сақтауға елеулі үлес қосатынына сенімдімін.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға ресми сапары аясында 12 құжатқа қол қойылды. Инвестиция, туризм және басқа да салаларға қатысты маңызды келісімдер жасалды. Елді елең еткізген келісімдердің бірі ол -Қазақстан мен Вьетнам арасындағы визасыз режим болды. Оны сарапшылар ел тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік деп отыр.

Ерсұлтан ЖАНСЕЙІТОВ, САЯСАТТАНУШЫ:
Қазақстандықтар үшін жаңа мүмкіндіктер көкжиегі кеңейе тусуде. Себебі, Вьетнам- даму жағынан әлемде алда келе жатқан елдердің бірі. Экономика жағынан да озық мемлекеттердің бірі.
Сапар аясында Президент Вьетнамның беделді әрі ірі компанияларының басшыларымен де кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев оларға сауда-саттық және мұнай мен газ өңдеу салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға байланысты ұсыныстар айтты. Елімізде шетелдік инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктер көзделгенін жеткізді.