Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Солтүстік Қазақстанда 20 елдің суретшісі жиналып, Ботай қонысын қағаз бетіне түсірмек

21.08.2023ж. 20:00
771
Солтүстік Қазақстанда 20 елдің суретшісі жиналып, Ботай қонысын қағаз бетіне түсірмек

Солтүстік Қазақстанда “Ботай - Ұлы Дала мәдениеті” атты халықаралық симпозиум ашылды. Ауқымды шараға жиырма елден суретші жиналып, қазақтың ежелгі қонысын қағаз бетіне түсірмек. Ал игі бастамадан түскен қаражат қайырымдылыққа жұмсалады. Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин толығырақ тарқатсын.
Әрісі Канада, берісі Еуропадан, ұзын саны 20 елден ат терлетіп келген суретшілер қазақтың ежелгі қонысы - Ботай жерінде тоғысты. Көне мәдениетпен танысып, бұл маңайдың табиғатына тәнті болған өнер майталмандары шығармашылыққа ерік бермек.

Франк ХАНТАН, ФРАНЦИЯ СУРЕТШІСІ:
Қандай керемет жер! Мен үшін осындай тарихи орынның құдіретін сезінуден асқан бақыт жоқ. Тәнті болдым.
Ежелгі адамдар 6 мың жыл бұрын жабайы жылқыны алғаш рет осы Ботай жерінде қолға үйреткен. Ботай жұрты жылқының сүтінен қымыз жасап, етті ұзақ сақтаудың амалын тапты. Бұл жерде археологиялық қазба жұмыстары өткен ғасырдың 80 жылдары қолға алынды. Содан бері мыңдаған бірегей артефакт табылып, Ботай мәдениеті бүкіл әлемге танылды. Археологияның маңыздылығы туралы президент ұлттық құрылтайда айтқан болатын.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ.
«Біз сан ғасырлық тарихымызды мақтан етеміз. Тамыры терең төл шежіреміз – халқымыздың мәдени кодының өзегі. Тарихи танымды кеңейтуге зор үлес қосатын тағы бір маңызды сала – археология»
Шара барысында қылқалам шеберлері ботайлықтардың тұрмыс-тіршілігімен танысып, мәдениетіне тереңірек үңілді. Ұйымдастырушылар осы симпозиумның арқасында ұлттық ескерткішті әлемге танымал етіп, мәдени туризмді дамытуды көздеп отыр.

Болат ӘСЕРБЕКОВ, ҚР СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Бұл шараның басты мақсаты - Ботай мәдениетін суретшілер арқылы таныту. Олар халықаралық көрмелерге қатысады. Биыл біздің қатарға қосыламын деген адамдар көп болды. Соған қарағанда оларға өте қызық.
Тамыздың 31 күні суретшілердің жұмысы Қызылжар арт орталығындағы арнайы көрмеге қойылады. Артынша суреттер аукционға шығарылып, одан түскен қаражат балалар үйінің қайырымдылық қорына бағытталады.