Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

"Құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлерде өнім көлемі азайып қалайын деп тұр", - Ә.Смайылов

22.08.2023ж. 20:00
25969
"Құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлерде өнім көлемі азайып қалайын деп тұр", -  Ә.Смайылов

Су тапшылығына байланысты Жамбыл облысының 6 ауданында төтенше жағдай жарияланды. Павлодарда 181 мың гектар астық алқап жарамсыз деп танылды. Дәнді дақыл себілген егістіктің 7,5 пайызы нашар күйде. Күзде жиналатын өнім көлемі аз болуы мүмкін. Шаруалар судан тапшылық көрді, қуаңшылық қысты. Тіпті мал азығын дайындай алмай отырған аймақтар бар. Мәселе қалай шешілмек?Тілшілеріміз тарқатады.

Сүндет ОРАЛБЕКОВ, ТІЛШІ:

Тіршілік нәрі тапшы болды. Қуаңшылық орын алды. Үкіметтегілер аграрлық саладағы қиыншылықты бес саусағындай білетіндерін айтты. Ауыл шаруашылық министрі дәнді дақылдар егістігінің 7,5 проценті нашар күйде деп отыр. Жер шұрайлы деген Павлодар облысының өзінде 181 мың гектар астық алқабы жойылған. Сала министрі саспастан бұл көрсеткіш 2021 жылға қарағанда 2,4 пайызға төмен дейді.

Қырғызстаннан келетін судың мөлшері азайды. Зардабын жамбылдық шаруалар тартты. 7,8 мың гектарға тіршілік нәрі жетпей қалды. Тіпті төтенше жағдай жариялауды сұрады.

Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

 Қант қызылшасы сияқты әлеуметтік маңызы бар дақылдың алаңы 1,2 мың гектарды құрайды. Өңірлік ауқымда төтенше жағдай жариялау және фермерлердің шығындарын жабу, республикалық бюджеттен субсидияны толық көлемде жеделдетіп төлеу және фермерлердің қайтаратын кредиттерінің мерзімдерін ұзарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Диқандардың ала жаздай төккен тердің жемісін көретін шақ. Бірақ қамбаны қызылға толтырулары екіталай. Құрғақшылық салдарынан бірқатар өңірде жиналатын астық көлемі азаюы мүмкін. Премьер-министр су тапшылығының салдарын жою үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Тіпті, Үкімет резервінен қаражат бөлінетінін айтты.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Жеткілікті көлемде өнім жиналады. Қазақстандықтар нансыз қалмайды. Сонымен қатар, климаттың өзгеруі мен су тапшылығы ауыл шаруашылығы үшін үлкен қауіп-қатерге айналып отыр. Сондықтан, су ресурстарын тиімді пайдалануды күшейту бойынша Жол картасын әзірлеу қажет. Өңірлер белсенді түрде су үнемдеу технологияларын енгізуі тиіс.

Сүндет ОРАЛБЕКОВ, ТІЛШІ:

Иә, суды үнемдеуіміз керек. Сөзден іске көшетін уақыт әлдеқашан жетті. Бірақ шаруалардың барлығында жаңа технология алатын мүмкіндік жоқ. Тіршілік нәрін көп қажет ететін өнім саналатын күрішті Қызылорда облысы егеді. Мөлдір Сіздер суды қалай жеткізіп жатырсыздар? Сырдарияда су болмай, егістік қурап жатқан жоқ па?

Мөлдір ТОҚТАНЫСҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Иә, Сүндет, биыл Қызылордада су тапшылығы қатты сезілді. Алғашқыда егістіктер құрғап, дәнді құстар жеп кетіп, шаруалар біраз шығынға батқаны рас. Жағдай біртіндеп реттелді. Дегенмен мәселе жоқ дей алмаймыз. Сырдария өзені арқылы келіп жатқан су былтырғыдан 3 есеге аз.

Жоспар бойынша вигитациялық кезеңде Шардара су қоймасына 3,5 млрд текше метр су түсуі керек болған. Бірақ бұл болжам тек 53 процентке орындалыпты. Салдарынан мамандар егістікке жіберілетін су мөлшерін азайтуға мәжбүр болған.

Зейнулла ҚАЗТОҒАНОВ, АРАЛ-СЫРДАРИЯ БАССЕЙНДІК ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Суармалы егіске 4 млрд 159 млн су көздері белгіленіп, бекітілген. Соны 82-бап бар Су кодексінің. Сол бойынша біз болжамға сәйкес қарап, 8 пайызға яғни, 3,8 млрдқа азайтқанбыз. 2020 жылдан бастап судың азаюы байқала бастады. Негізі ғалымдардың болжамы бойынша, жалпы жалғыз Қазақстан емес, Орта Азяида судың аз болатындығы болжануда.

Мөлдір ТОҚТАНЫСҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Құрғақшылық мал азығын әзірлеуге де кесірін тигізуде. Қыстың күні төрт түлік аштан қатқанын көргенбіз. Жағдайдың қайталанбас үшін осы бастан қарекет жасалу қажеттігі ескертілді. Жеп-шөп дайындау жұмыстары баяу жүріп жатқан өңірлер бар. Еркін, Батыс Қазақстан облысы да сол тізімде. Шөптің шығымы қалай?

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Иә, Мөлдір Батыс Қазақстан облысында да жағдай мәз емес. Былтырмен салыстырғанда өңірдің оңтүстік аудандарындағы шөп шығымы екі есе төмендепті. Амалы таусылған шаруалар мемлекеттік орман қоры секілді шөбі шүйгін аумақтарға шалғы салуға мәжбүр.

Шенеуніктердің есебінше облыстағы 1 миллионнан астам төрт түлікке кемі 2 миллион тоннадай шөп керек. Құнары мол жемнің жыры тағы бар. Бүгінде қысқа дайындық жоспары 57 процентке ғана орындалғанымен, шенділер былтырдан қалған мал азығын малданып отыр.

Денис УМАШЕВ, БҚО АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Өткен жылы орташа облыс бойынша әр гектарына 6 центнерден шөп жинаған болсақ, биыл сол әр гектарынан 3,9 центнерден жинап отырмыз. Әсіресе оңтүстік аудандарда - Бөкей Ордасы, Жаңақала, Жәнібек аудандарында қазіргі таңда шөптің шығымдылығы төмен болып отыр: 2-3 центнерді құрап отыр. Өзі аз шөпті киік таптап кесірін тигізіп жатыр.

Ал мамандар қиналған қожалықтарды құрғақшылықтан құтқарып, жұтқа жол бермеу үшін көпжылдық шөп егу керек дейді. Сонда өнім еселеп көбейеді.

Нұрбол МҰХАМЕТЖАНОВ, АГРОНОМ:

 Жылдан жылға далалық шөптер азайып бара жатыр. Малды көбейтіп, бірақ азық дайындамайтын болсақ, жұт болды ғой осы екі-үш жыл бұрын. Азық жетпеді малға. Атырау жақтарда, Ақтау жақта. Оның бәрін ғылыми түрде келмейтін болсақ, онда болашақта үлкен проблемаға айналады.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Шөп шығымы нашар аудандарға қажетті мал азығы енді жағдайы күйлі басқа аудандардан алынбақ. Осыны алға тосқан шенеуніктер бағаны қымбаттатуға жол бермейміз деп сендірді. Бұл үшін аудандарды аралап, қожалықтармен түсінік жұмыстарын жүргізіпті. Қазір өңірдегі шөптің бір бумасы 3000-8000 теңге аралығында.