$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Жанұшырып секіре берген". Куәгерлер Сырдария өзеніндегі қайғылы оқиға туралы айтты

AstanaTV
23.08.2023ж. 08:56
1024
"Жанұшырып секіре берген". Куәгерлер Сырдария өзеніндегі қайғылы оқиға туралы айтты

Түркістан облысы Отырар ауданы Көксарай ауылына жақын жердегі Сырдария өзеніне батқан 11 адамды құтқармақшы болғандар оқиғаның қалай болғанын айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Ауыл тұрғындарының сөзінше, жағада демалып отырғанда бір бала суға тұншыға бастаған. Оны үлкендер көріп, құтқармақ болғанда қалған балалар да бірінен кейін бірі суға секіре беріпті.

"Бірінші сол үйдің бір баласы түсті деді. Кішкентай емес енді. 10-ды бітірген болуы керек. Содан соны құтқарамын деп, анасы кеткен. Анасының артынан қыздары секіре берген деді ғой жанұшырып. Құтқарамын деп кеткен шығар енді. Басқа не болады енді? Бір үйден анасымен қосқанда бесеуі кетті, бір үйден үшеуі кетті. Бәрі бір атанының балалары ғой. Бір атадан төрт бала болса, сол төрт баланың ұл-қыздары ғой. Немере", - дейді Көксарай ауылының тұрғыны Мұсабек Сарымбет.

Суға батқандардың айғайлаған дауысын естіп, жақын маңда балық аулап отырған тұрғындар көмекке жеткен. Әйтпегенде 20 адам да суға кетіп қалуы мүмкін екен. 

"Осы жағада су терең ғой, осы жағадан шығардық, 1-1,5 метрдей келетін су. Әрі қарай терең ғой. Өзіміз бірдеңе ғып шықтық қой, Бір-бірімізге көмектесіп, қолымыздан тартып", - дейді Отырар ауданының тұрғыны Әділхан Аманов.

Қазір өзен жағасында суға кеткен тағы екі бала іздестіріліп жатыр. Олардың біреуі 10-да, енді біреуі 12-де.