$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Жыл басынан бері елімізде 3 мыңнан астам жас жеңілдетілген несие алды

Жыл басынан бері елімізде 3 мыңнан астам жас жеңілдетілген несие алды

Жыл басынан бері елімізде 3 мыңнан астам жас жеңілдетілген несие алған. Ол «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында бұл туралы нақты тапсырмалар берген болатын. Жас кәсіпкерлер игі бастаманың шарапатын көріп отыр.

Айберген Құдасов кәсіп бастағанға дейін жиһаз құрастыру шеберхасында қарапайым жұмысшы болып істеген. Кейін өзі үйреніп, тапсырыстар ала бастапты. Бірақ қажетті бөлшектердің бірі табылса, екіншісін басқа қалалардан алып жүрдім дейді. Кейін жас кәсіпкерлерге берілетін 2,5 процентпен несие алып, дүкен ашқан. Қазір 10 адамды жұмыспен қамтып отыр.


Айберген ҚҰДАСОВ, КӘСІПКЕР:

Менің жоспарлаған жоспарларымның барлығын алға қарай жүргізуге және мақсаттарымен жетуге осы жас кәсіпкерлерді қолдау барысындағы мемлекеттің көрсетіп жатқан көмектері және осы беріп жатқан төмендетілген пайыздық көрсеткіштері өзінің үлкен септігін тигізді. Мемлекеттік көмектердің арқасында жас кәсіпкерлер көбейе түседі деген ойдамыз.

Аймақта 250-ден аса жоба 1 млрд 285 млн. теңгеге қаражыландырылған. Несие мерзімі 5-7 жыл. Бұл- жастар үшін жаңа бизнес ашуға немесе кеңейтуге үлкен мүмкіндік.


Маханбет ТҰРМАХАНОВ, «АГРАРЛЫҚ НЕСИЕ КОРПОРАЦИЯСЫ» ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бағдарламаның басты тиімділігі- қолжетімділігі. 2,5 пайыз нарықтағы ең төменгі пайыз десек болады. Екіншіден бұл бағдарлама бойынша ешқандай шектеу жоқ. Яғни, кез келген кәсіппен айналысуға болады. Оның ішінде мал шаруашылығы, тігін шаруашылығы, тауар өндірісі, тамақ өндірісі болсын.

Елімізде бұл бастамаға жастардың қызығушылығы ерекше. Осы уақытқа дейін 5,3 мыңнан астам өтінім түсіп, 3344-і қолдау тапқан. Оның 2 577-сін іске асыруға 11,4 миллиард теңге несие берілген. Қалған жобалар қаржыландырылуда.

Несие алушылардың басым көпшілігі мал шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда –саттық бағытындағы жобаларды қолға алған. Биыл еліміз бойынша 29 млрд теңге көлемінде 5 жарым мыңнан аса шағын несие беру жоспарланып отыр.