Білім беру қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесі бұл жолы жаңа форматта өтті. Еліміздің әр аймағы әр тақырыпта пленарлық сессия ұйымдастырды. Ұлы ағартушы Ыбырай елінде инклюзивті және арнайы білім мәселесі талқыға түсті. Кеңесте педагог, сарапшы, білім және психология саласының мамандары сөз сөйлеп, пікір алмасты.
«Инклюзивті және арнайы білім» тақырыптық бағытындағы пленарлық отырыс облыс әкімінің төрағалығымен өтті. Бұл тақырып бекер белгіленген жоқ. Инклюзияны дамыту бойынша Қостанай облысында игі істер жасалуда және жалғасын табады деп сендірді аймақ басшысы.
Құмар АҚСАҚАЛОВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:
Ағымдағы жылы «Қамқорлық» жобасының шеңберінде 125 балаға арналған аутизм орталығын ашу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.Сапалы білім беруді қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
Қостанайда психологиялық-педагогикалық бағытта жұмыс істейтін 24 ұйым, 14 арнайы кабинет бар.Алдағы уақытта әр ауданда ашу жоспарланып отыр.
Жанна АТЫҒАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТҮЗЕУ КАБИНЕТІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Біздің психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетіне дидактикалық материалдар,заманауи технологиялар, тренажерлер бөлінді.Балаларға біз нәтижелі көмек көрсетіп , олардың ата-анасына психологиялық- педагогикалық қолдау жасап жатырмыз.
Данагүл СҮЙІНДІКОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беру, қосымша білім беру, оларды әлеуметтендіру үлкен күрделі мәселе. Қызылорда, Шымкент, Астана, Алматыдан келген әріптестеріміз біраз өздерінің пікірлерін айтып, әдістемелік нұсқауларын шығарып отыр.
Тобыл өңіріндегі тамыз кеңесіне мыңға жуық педагог қатысты.Оның екі жүзі өзге облыстардан келді.Олар өзара тәжірибе алмасып,әдістемелік нұсқаулықтар ұсынды.