Елордалық дәрігерлер қатерлі ісіктің сирек кездесетін түріне шалдыққан науқастың өмірін сақтап қалды. Күрделі операция жаңа тәсілмен жасалған. Толығырақ әріптесім Ақбота Базарбай тарқатады.
Ішперде парақшасының псевдомиксомасы. Бекеева Майра бұндай дерттің бар екенін де білген жоқпын дейді. Алғаш естігенде сенбеген. Кейін бұл аурудан айығамын деген үміт мүлдем сөнді дейді. Себебі, дәрігерлер нақты диагнозын таппай дал болған.
Майра БЕКЕЕВА, ЕМ АЛУШЫ:
Алғашында дертті анықтау қиынға соқты. Кейін осы орталыққа келгеннен кейін білікті мамандар бірден зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нақты диагноз қойды. Шұғыл операция жасау керек болды. Мені бірден ауруханаға жатқызып, өте қиын операцияны сәтті жасады. Қазір жағдайым жақсы, мен екінші мәрте дүниеге келген бақытты адаммын.
Аталған дерт әлемде сирек кездеседі, 200 мың адамның ішінде 1-еуде ғана болуы мүмкін. Дәрігерлер ішперде парақшасының псевдомиксомасың өзіне тән симптомдарның жоқ екенін айтады. Тек іш ісінеді. Ауырсыну сипаты соқырішекке ұқсас болғандықтан кейде дәрігерлер диагноз қоюда қателесіп, дертті кеш біліп жатады дейді.
Алтай КЕРІМҚҰЛОВ, ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ ОНКОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АҒА ОРДИНАТОРЫ:
Пациенттердің көбісі онкологтарда болады бақылауда, болмаса хирургтардың бақылауында болады. 2016 жылға дейін бұл кісілермен біздің елімізде, былайша айтқанда, ешқандай мамандар айналыспаған. Пациенттер екі маманның арасында жүрген. Онколог пен хирургтың арасында.
Көп жағдайда ісік адамның ішкі ағзаларына тарап, ота жасау қиынға соғады. Отандық дәрігерлер бұндай жағдайда жаңа тәсілмен қатерлі ісікті ағзадан алады. Бір сөзбен айтқанда операция уақытында химия-терапияны қатар қолданады. Бұл - тәсіл талай науқастың өмірін сақтап қалды.