$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Студенттердің атына несие рәсімдеген комендатқа қатысты сот үкімі шықты

AstanaTV
25.08.2023ж. 23:46
1901
Студенттердің атына несие рәсімдеген комендатқа қатысты сот үкімі шықты

Жетісу облысы Талдықорған қалалық сотымен бірнеше рет жасалған алаяқтық фактісі бойынша сотталушы С-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп жазады Zakon.kz.

Сотта сотталушы С. жоғарғы оқу орнына қарасты жатақхананың коменданты қызметін атқара жүріп, 2021 және 2022 жылдары аралығында студенттер мен жатақхана қызметкерлерінің сеніміне кіріп, алаяқтық жолмен интернет-банкинг қызметі арқылы тауарлай және ақшалай несие ресімдеу арқылы барлығы 16 жәбірленушіге жалпы көлемі 24 миллионнан астам сомада материалдық шығын келтіргені анықталды.

"Сотталушы С. 2021 жылдың қазан айында жәбірленуші Д-ның өзіне сенім артатынын біле отырып, құжаттарын жұмыс бабымен деген желеумен сұратқан. Жәбірленушінің жеке басын куәләндыратын құжаттарды алған соң, С. микроқаржылық ұйымнан 600 мың теңгеге жуық тауарлай кредитті жасырын рәсімдеп, тауарды сатып, өз пайдасына жаратқан. Бұдан соң, С. жәбірленуші Д-ны несиені толық жауып тастаймын деп алдап, микроқаржылық ұйымнан 560 мың теңге тағы несие алдыртқан. Қолында Д-ның жеке бас мәліметтерінің пайдаланған сотталушы, әртүрлі микроқаржылық ұйымдардан жасырын түрде қосымша байланыс ретінде өзінің ұялы нөмірін көрсете отырып, Д-ның атынан микронесиелер алып, жалпы 2 миллион теңгеден астам шығын келтірген", - Талдықорған қалалық сотының баспасөз қызметі. 

Бұдан бөлек, сотталушы С. осыған ұқсас жағдайларда және әртүрлі желеумен 15 студент пен жатақхана қызметкерлеріне қатысты алаяқтық жасап, оларды 22 миллион теңгеден астам шығынға ұшыратқан.

Прокурор сотталушы С-ны қылмыстық құқық бұзушылықты жасауда кінәлі деп танып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, барлық мерзімге пробациялық бақылау орнатуды сұрады.

Сотталушы С. тағылған айыпты мойындап, шын ниетпен өкініп, өзіне бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.

"Жәбірленушілер сотталушыны кешіріп, оған бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады. Сот С-ны ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігінің 4-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасауда кінәлі деп танып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, тағайындалған барлық мерзімге пробациялық бақылау орнатты", делінген сот хабарламасында.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.