$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Бетім мен қолымды тырнап алды"

AstanaTV
26.08.2023ж. 23:53
3719
"Бетім мен қолымды тырнап алды"

Яндекс.Такси жүргізушісінен зардап шеккен блогер-стилист Мира Берген сотқа шағым түсірді. Оның компанияның өзіне де, такси паркіне де шағымы бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мираның айтуынша, 31 шілдеде достарымен кездесуге бару үшін қосымша арқылы такси шақыртқан.

«Бизнес» тарифті такси шақырдым. Дайындалып жатқанымда, көлік келіп, мекенжайда күтіп тұрғаны туралы хабарлама түсті. Сыртқа шықсам, жаңбыр қатты жауып тұр. Бірақ, көлік әлі келмеген. Таксидің қайда екенін білу үшін қоңырау шалдым. Ал такси жүргізушісі – әйел адам менің қоңырауыма ашуланып жауап берді, ол дөрекі үнмен тұрғын үй кешенінің ауласына кіретін жолды таппай жүргенін айтты. Бірнеше минуттан кейін келді, мен өз наразылығымды білдірдім. Жүргізуші кешігіп келді, маған күту сигналы баяғыда түскен. Тиісінше, осы уақыт бойы, яғни мен көлікке отырғанша ақшасы өсіп жатты», - дейді ол.

Блогердің бұл сөзі жүргізушіге ұнамай қалады да, одан әрі дөрекілік таныта бастайды. Мира Бергеннің айтуынша, ол алдымен сабырға шақырған, бірақ жауап ретінде жүргізуші оны діттеген жеріне апарудан бас тартатынын айтып, көліктен түсуін «өтінген». Осыдан кейін блогер оны видеоға түсіре бастайды.

«Мен алдымен басқа такси шақырамын, содан кейін ғана түсемін дедім, өйткені сыртта жаңбыр жауып тұрған. Бірақ камераны көрген ол телефонымды тартып алмақ болып, маған қарай ұмтылды. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңда қызмет көрсететін немесе тауар сататын қызметкерлер қызмет көрсету кезінде бейне және фото түсіруге кедергі келтіруге құқығы жоқ делінген», - дейді жолаушы.

Қызды көліктен шығаруға бірнеше рет жасаған әрекеті сәтсіз болған соң, жүргізуші оның қолы мен бетін тырнап, күшпен шығарып алған. Сонымен, Мира Берген ешқайда бармайды. Бірақ, қандай да бір себептермен такси қызметі үшін жолаушының картасынан ақша шешілген.

«Сол күні мен полицияға арыз жаздым, сот-медициналық сараптамаға жолдама сұрадым, содан кейін Яндекс қолдау қызметіне жаздым. Компания маған серіктесінің мекенжайын берді – такси компаниясы. Содан кейін менің адвокатым осы мекенжайға барды, бірақ ол жерде такси компаниясы жоқ болып шықты. Содан кейін біз қайтадан Яндекске жүгіндік, олар бізге мекенжайларын берді. Менің қорғаушым айтқан жерге барды, сонда бір жігіт отырған. «Бұл Яндекс кеңсесі емес, бірақ сіз құжаттарды қалдырыңыз, мен оны тапсырамын», - деді. Демек, іс жүзінде Яндекс кеңсесі де, серіктес кеңсесі де, яғни такси паркі де жоқ. Бұл – бірінші болып ашылған үлкен мәселе... Бұл такси қызметі бойынша қиындықтар туындағанда, сіз ештеңе істей алмайсыз, өйткені бұл компания физикалық түрде жоқ», - дейді ол.

Блогер мен оның қорғаушысы такси компаниясының үстінен шағым түсіреді.

«Екі аптадан кейін такси компаниясының өкілі келді. Ол қорғаушыма хабарласып, менімен кездесіп, арызымды қайтарып алуға көндіргісі келді. Оның айтуынша, бұл олардың Яндекспен одан әрі ынтымақтастығына кері әсерін тигізуі мүмкін... Содан кейін олар бізге қайта хабарласты, олар жүргізуші әйелдің кешірім сұрауға дайын екенін, бірақ көпшілік алдында еместігін айтты. Мен бұл кешірімінен бас тарттым, себебі ол мені ренжітті. Мен оны сотқа беремін дедім. Жақында сот-медициналық сараптаманың қорытындысын алдым. Келесі аптада әкімшілік сот болады. Осыдан кейін такси компаниясына және Яндекске моральдық, физикалық және материалдық зиян келтіргені үшін шағым түсіргім келеді», - дейді Мира Берген.

Сондай-ақ, ол такси жүргізушісінің қарсы арыз жазғанын айтты.

«Оған оның құқы бар. Алайда, менде видео бар. Енді бір жағдайда мен талапкер, ал ол жауапкер, ал басқа жағдайда мен жауапкер, ал ол талапкер ретінде әрекет етемін», - деп атап өтті блогер.

Бұл оқиғаға қатысты «Яндекс Go» баспасөз қызметі түсініктеме берді.

«Құқық қорғау органдары мән-жайды анықтайды. Біздің деректеріміз бойынша, такси қызметін қолданушы арыз жазған. Ресми сұраныс бойынша қажетті ақпаратты беруге дайынбыз. Біз жүргізуші жұмыс істейтін серіктес-тасымалдаушымен болған жағдайды түсінеміз. Ол тексерудің соңына дейін тапсырыстардан уақытша шеттетілді», - деп мәлімдейді Яндекс Go өкілдері.

Алматы қалалық ІІД мәліметінше, бұл деректі аумақтық бөлім бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы тексеріп жатыр.

«Екі тарап мәлімдеме жасады. Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 73-1 бабы (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) бойынша материал жинақталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Жақын арада іс материалдары шешім шығару үшін сотқа жолданады», - деп хабарлады қалалық ДП баспасөз қызметінен.