$491.7 €531.28 ₽5.07
×

Қазақстан мен Жапония арасында құны $ 1.2 миллиардтық келісім жасалды

AstanaTV
07.11.2016ж. 20:00
3050
Қазақстан мен Жапония арасында құны $ 1.2 миллиардтық келісім жасалды

Қазақстан мен Жапония арасында құны 1.2 млрд $ болатын 13 келісім жасалды. Бұған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Токиоға ресми сапары кезінде қол жеткізілді,- деп хабарлайды Ақорда. Мемлекет басшысы сапар аясында тікелей телекөпір арқылы Алматыдағы металл өнімдер шығаратын «Tokyo Rope Almaty» зауытын іске қосты.

Жапония императоры Акихитомен кездесіп, премьер-министр Синдзо Абэмен келіссөздер жүргізді. Императормен кездесу барысында Қазақстан мен Жапония арасындағы қарым-қатынастың қазіргі ахуалы мен оны қарқынды дамыту перспективалары талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияның Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезіне тұрақты қатысып келе жатқанына тоқталды. Екі ел арасындағы ядролық қаруды таратпау және қарусыздану саласында сенімді серіктестік орнағанын айтты. Бұдан бөлек, 2017-2018 жылдары еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде жауапты миссия атқаратынына тоқталды. Оның барысында ядролық қарусыз әлем қалыптастыру, энергетика, азық-түлік және су қауіпсіздігі мәселелерін шешуге бағытталған шараларды қолға алатынын жеткізді. Президент «Токио Роуп» компаниясы жұмысымен танысып, шығарған өнімдерін көрді. Тікелей телекөпір арқылы «Токио Роуп Алматы» зауытын іске қосу шарасына қатысты.

Компания алдағы уақытта Алматы металл бұйымдары зауыты деп аталатын болады. Ол тау-кен өндіру өнеркәсібі үшін болат металл бекіту жүйесін, болат арқандар шығарумен айналыспақ. Компания құрылтайшысы Жапонияның «Tokyo Rope MFG» холдингі. Инвестиция көлемі 25 миллиард теңге. Зауыт алдағы уақытта өнімдерін ТМД елдеріне, Сауд Арабиясы, Үндістан, Пәкістан, Иран мемлекеттеріне шығаратын болады. Сондай-ақ жоғары жапондық сапамен «Made in Kazakhstan» эксклюзивті брендімен өнім шығарады деп жоспарланған. 

Саламат ОМАШ