Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

"Мемлекет басшысы демократия қағидатын нығайтуға лайықты жағдай жасауда", - Е.Қошанов

31.08.2023ж. 20:00
588
"Мемлекет басшысы демократия қағидатын нығайтуға лайықты жағдай жасауда", - Е.Қошанов

 "Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам". Тура бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай атаумен халыққа Жолдау жариялаған болатын. Сол кезде берілген тапсырмалар орындалды ма? Бүгін «AMANAT» фракциясының кеңейтілген отырысына Үкімет басшысы арнайы шақыртылды. Әлихан Смайылов Жолдаудың жүзеге асырылуы туралы ақпарат берді.

Бұл жиынның жөні бөлек. Алғаш рет Мемлекет басшысының Жолдауларының жүзеге асырылуы туралы ақпарат тыңдалды.

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ,"AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Мемлекет басшысының бастамасымен биыл алғаш рет жеңіске жеткен партия Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсынды. Бүгін жаңа саяси маусымның қарсаңында біз тағы бір дәстүрді бастағалы отырмыз. Алғаш рет фракция отырысында Президенттің жолдаулары мен сайлауалды бағдарламаларының орындалуы жөнінде Премьер-Министрдің ақпаратын тыңдайтын боламыз.

Биыл мемлекеттің экономикадағы үлесі 14%-ға дейін қысқарды, 600 мыңнан астам отандасымыз жұмысқа орналастырылды, бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылды. Осылай деген Әлихан Смайылов экономиканы дамыту, кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығы мен өндірісті қолдау, азаматтардың табысын арттыру, әлеуметтік саясатты жақсарту, жұмыспен қамту, өңірлердің инфрақұрылымдық дамуы секілді мәселелерге тоқталды.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдау үшін бала күтімі кезеңі 1,5 жасқа дейін ұлғайтылды. Көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы артты. Бүгінде бұл жәрдемақыны 750 мыңнан астам ана алады. Сондай-ақ, биыл әлеуметтік жағдайы осал отбасылардан шыққан 97 мың баланың балабақшаларда тегін тамақтану мәселесі шешілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылған адамдарға берілетін әлеуметтік жәрдемақы 23%-ға артты.

Премьер-министр жыл сайын мұғалімдердің жалақысы 25%-ға, дәрігерлердің еңбекақысы 30%-ға, орта медициналық персоналдың және басқа санаттағы жұмыскерлердің айлығы 20%-ға артып жатқанын айтты. Ертеңнен бастап 380 мыңнан астам студенттің стипендиясы өседі. Бастысы, қоғамда көп талқылауға түскен әйелдердің зейнет жасы қысқарды.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Бүгінде мемлекеттің зейнетақы бағдарламасы бойынша шығыстар 3трлн теңгеден асады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әйелдердің зейнет жасы 28-ші жылға дейін 61 жас деңгейінде бекітілді. Осыған байланысты зейнетақыға арналған шығыстар 800 млрд теңгеден астам қосымша сомманы құрайды.

Мемлекет басшысының реформалары барлығына тең мүмкіндіктер мен әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған. Осылай деген Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау

«AMANAT» фракциясының атқарған жұмысына тоқталды. Олар Мәжіліс жұмысында 82 заң жобасын қарап, 25-ін қабылдаған.

Альберт РАУ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Сіздер келісетін шығарсыздар, Әлемдегі болып жатқан түрлі қиындықтар бізде де айналып өтпейді. Осындай жағдайларда Президентке қатты қиын. Бірақ ол өз ісінің шебері. Әлемдік аренада да өзіндік орны бар. Мемлекет басшысы үшін Ішкі жағдайда да барлығы дұрыс болуы керек. Сондықтан біз Жолдауда жүктелген тапсырмаларды бірігіп орындауымыз керек.

Үкімет басшысы Жолдауда жүктелген міндеттердің біршамасы орындалғанын айтты. Ал ұзақ мерзімді шаралар бойынша жүйелі жұмыстар атқарылады. Жалпы, фракция депутаттары Үкіметпен бірлесе Президент тапсырмаларын орындау бағытындағы жұмысты жалғастыра бермек.