Батыс Қазақстан облысында жаңа оқу жылы қарсаңында 94 мұғалім жетіспейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның ішінде қазақ мектебіндегі орыс тілі мен әдебиеті пәні, математика, бастауыш сынып мұғалімі және тәрбиеші орыс тілінде, педагог-психолог, логопед, дефектолог мамандықтары басымдыққа ие.
Бақытжан Хаберұлының сөзіне қарағанда, мәселе оқу жүктемелерін ұлғайту және жас мамандарды жұмысқа тарту арқылы шешіліп жатыр.
Атап айтқанда, 2023 жылы жергілікті қаражат есебінен білім гранттары өңірдің жоғары білімі бар кадрларға қажеттілікті ескере отырып тағайындалса, соның 22-сі – педагогикалық мамандық.
Сондай-ақ биыл білім беру ұйымдарының 74 түлегіне жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттарын бөлу туралы сертификат берілді: медициналық (60), педагогикалық (10), қала құрылысы, құрылыс жұмыстары және азаматтық құрылыс (4).
2017 жылдан бастап педагогикалық мамандыққа 200 грант берілсе, соның 70-і соңғы үш жылдың үлесіне тиеді. Бүгінгі таңда 46 грант иегері білім саласында қызмет атқаруда.
Әкім орынбасарының айтуынша, облыстың білім беру ұйымдарында барлығы 15 104 педагог жұмыс істесе, соның 12 731-і немесе 84,2 пайызы – жоғары білімді, оның ішінде магистр дәрежесі бар – 478 немесе 3,16 пайыз.
Облыс бойынша 10 245 педагог (67,8 пайыз) жаңа форматта аттестаттаудан өтті.
«Жаңа оқу жылында облыста 376 (оның ішінде 368 мемлекеттік күндізгі, 3 мемлекеттік кешкі, 5 жеке) жалпы білім беретін мектеп жұмыс жасайды, онда 121 мыңнан астам оқушы білім алады. Білім күні қарсаңында 1-сыныпқа 13 174 оқушы қабылданды. Өткен оқу жылын 5 789 түлек аяқтаса, соның 4 942-сі ұлттық бірыңғай тестілеуден өтті. 2 805 мектеп бітіруші түлек немесе 57 пайызы мемлекеттік грант иегері атанды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 9,4 пайызға жоғары» деді Б.Нарымбетов.