Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

«Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді, - Президент

01.09.2023ж. 20:00
701
«Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді, - Президент

Дәл осы "Ауыл Аманаты" жобасы аясында 5300-ге жуық адам жеңілдетілген несие алды. Нәтижесінде 4 жарым мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.

Евгений -Қостанай облысы, Белозерка ауылының тұрғыны. Өз кәсібін дөңгелету үшін "Ауыл Аманаты" жобасы аясында жеңілдетілген несие алған. Өңірде жоба бойынша 227 өтінім мақұлданып, 1,2 млрд. теңгеге несие берілген.

Евгений ПАПЕРТНЫЙ, БЕЛОЗЁРКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Құс шаруашылығымен айналысамыз. "Ауыл аманаты" жобасымен несие алдық. Ақшаны ферманы үлкейту мақсатында алдық. Өте тиімді. Үстемақысы да төмен. Менің ойымша Қазақстандағы ең төменгі процент. "AMANAT" партиясы, әкімдік көмектесіп жатыр.

Бағдарлама барысында ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға 1 трлн теңге бөлінген. Оның 100 млрды биыл игерілуі керек. Мемлекет басшысы бұл жобаны қолдайтынын айтты және оны жетілдіру керек деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуға тиіс.

Бүгінде жоба аясында 29 млрд. теңге сомасында 5,3 мың шағын несие берілді. Сарапшы Ерділдә Таутенов осындай бағдарламалар арқылы ауылды дамытсақ, елдімекендер еліміздің экономикасын көтереді дейді.

Ерділдә ТАУТЕНОВ, САРАПШЫ:

Ондай бағдарламалар өте қажет, оны көбейту керек. Себебі, ол нағыз ауылдық жердегі азаматтарға бағытталған. Тек қаланы ғана дамыта бермей ауылдық жерде бизнесті, жаңа өнеркәсіпті дамытуға бағытталған бағдарламалар қажет деп санаймын.

"Ауыл Аманаты" аясында 4,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Алдағы уақытта жобаның ауқымы кеңейіп, сұраныс арта түспек.