$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қарағанды облысындағы мектептер алты күндік оқуға ауысқан

AstanaTV
04.09.2023ж. 10:17
533
Қарағанды облысындағы мектептер алты күндік оқуға ауысқан

Қарағанды облысының көптеген мектептерінде 7-11 сынып оқушылары аптасына алты күн, яғни дүйсенбіден сенбіге дейін оқиды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Патриот Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

1-6 сынып оқушылары бес күн оқиды.

Алты күндік оқу барлық мектептерде емес, екінші ауысымдағы сабақтар кеш аяқталатын мекемелерде болады.

“Балам биыл мектеп бітіреді.ЖОО-ға түсуге дайындалуымыз керек. Сенбіде балам университетке түсу үшін қосымша курстардан өтеді деп жоспарладық. Себебі мектеп ҰБТ-ға дайындамайды. Енді қайтеміз? Неліктен Қарағанды облысының білім басқармасы Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығын бұзады?” – деп ата-аналар шағымданды.

Қарағанды облысының білім басқармасының мәлімдеуінше, көп мектептерде сабақ кешкі тоғызға дейін болған. Сол себепті осындай шешімге келіпті.

“Бірінші ауысым сабақтары сағат 8.00-де басталып, 14.05-те аяқталады (7 сабақ). Екінші ауысым 14.45-те басталып, 20.50-де аяқталды (7 сабақ). Өткен оқу жылында екінші ауысым оқушыларының ата-аналары сабақтың қараңғы уақытта аяқталуына наразылығын білдіріп, қыста тіпті қиын екенін айтты. Осыған байланысты 7, 8, 9, 10 және 11 сыныптардың оқу сабақтарын 6 күнге бөлу туралы шешім қабылданды”, – деп мәлімдеді басқарманың баспасөз қызметі.

Күнделікті оқу уақыты алты сабаққа, ал сенбі күндері төрт сабаққа дейін қысқарады.