$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Жалған хабарлама таратып, сотталғандардың 55%-ы мас болған – статистика

AstanaTV
04.09.2023ж. 23:19
674
Жалған хабарлама таратып, сотталғандардың 55%-ы мас болған – статистика

Елді дүрліктіріп, «ғимартта бомба бар» деген сияқты жалған хабарлама тарататындар көбіне мұндай әрекетті мас күйінде жасайды. Бұл туралы ІІМ экстремизмге қарсы іс қимыл департаменті 1 басқармасы бастығының орынбасары Алмас Талқанбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Статистикаға сәйкес, жалған хабарлама таратып, сотталғандардың 48-55 пайызы қылмыс жасаған сәтте қатты мас болған. Жалған хабарлама тарататындардың әлеуметтік портретіне келер болсақ, 88%-ы жұмыссыздар, тек 9%-ы ғана жұмыс істейді, ал 1,7%-ы – оқушы. «Әзілқойлардың» орташа жасы – 30-49 аралығында», - деді Алмас Талқанбаев министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жастардың арасында жалған хабар таратуға құмарлар бар.

«Олардың 85%-ға жуығы мобильді телефон арқылы хабарланған. Ақпараттық технологияның дамуына байланысты интернет арқылы да келіп түскен хабарламалар бар. Ондай факті 8% шамасында. Жалған хабарлама таратушылар адамдар көп жиналатын орындар (сауда орталықтары, базар, дүкен), мемлекеттік органдар мен білім беру мекемелерінің әкімшілік ғимараттары және вокзал мен әуежайды таңдайды», - дейді ол.