Банк тек өз қаражатының
қайтарылғанын қалайды. «Нұрбанк» басшылығы Астанадағы «7 континент» тұрғын үй
кешеніне қатысты шыққан дауға ресми түсініктеме берді. Қаржыгерлер дәйегіне
қарағанда, 2008 жылы кешеннің құрылысы басталғанда, «Capital Petrol» компаниясы
талап ету құқығына банктен 81 млн долларға несие алып, қайтармай кеткен.
Сөйтіп, іс сотқа жеткен. Ал құрылыс фирмасы ешқандай да ақшаның шоттарына
түспегенін айтады.
Бұл - Астананың оң
жағалауындағы «7 континент» атауына ие элиталық санаттағы тұрғын үй кешені. Бір
айдан бері мұндағы жұрттан маза қашқан. «Д» блогында орналасқан 105 пәтердегі
400-ге жуық тұрғынның далада қалу қаупі бар.
Я больше не заработаю. Еще раз
хочу сказать, я свое жилье никому не отдам!
Тұрғындардың қолында 2012 жылдан бері пәтерлерінің заңды қожайыны
екенін айғақтайтын құжаттары да бар. Ал кешенді салған «Capital Petrol» мен «Нұрбанк» арасында осы ғимарат үшін 2015
жылдан бері талас жүріп келеді. Банк ондағы пәтерлер мен жеке кеңселерге және
паркингтерге қатысты 116 сатып алу келісімін жоққа шығаруға сотқа талап арыз
түсірген.
Ботагөз Баянова, Астана қалалық
соты ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы:
Астана қаласының Алматы
аудандық соты өндірісіне 2016 жылғы 14 наурыздан бастап «Нұрбанк» АҚ-ның
«Capital Petrol», «Shyryn LTD» ЖШС және өзге де жеке тұлғаларға қатысты
мәмлені заңсыз деп тану және Әділет органдарындағы тіркеуді бұзу туралы 116
талап-арыз келіп түсті.
Талап арызда "құрылыс
фирмасы 2008 жылы әлі салынып бітпеген тұрғын үйді талап ету құқығы негізінде
«Нұрбанктен» 81 млн доллар несие алған. Бірақ қарызды қайтармаған. Әрі
ескертусіз пәтерлерді де сатып жіберген" делінген.
Мақсат Ыбыраев, Астана
қаласының тұрғыны:
Кеше менің атыма
«Нұрбанктен» шағым келіп түсті. Мен, әрине, аң-таң болдым. Шағымның не екенін, қайдан шыққанын
білмеймін. Міне, осы тұрғанда соттан келе жатырмын. Құжатымның дұрыстығын сот
қазіргі таңда ескеріп тұр. Бірақ, егер де «Нұрбанк» өзінің берген шағымын
растаса, жеңіп шықса, мені және мына жерде тұрған 105 пәтердің иесін далаға
қуып шығуы мүмкін.
Ал «Capital Petrol» серіктестігінің өкілі
болса, фирманың шотына ешқандай қаржы
түспегенін айтады. Тіпті нысан да толықтай өз иеліктерінде екен.
Кайрат Никишев, «CAPITAL
PETROL» ЖШС менеджері:
Біз ол ақшаны алған жоқпыз.
Келісімшарт екіжақты жасалады ғой. Егер ол заим біздің шотқа түспесе, онда біз
не үшін оны төлеуіміз керек. Ғимараттың кепілде тұрмағандығы жөнінде Астана
қалалық Әділет департаментінен алған қағазымыз бар.
Бұл дауға қатысты «Нұрбанк»
басшылығы бүгін ресми түсініктеме берді. Айтуларынша, қаржы орталығының
көздегені 400 тұрғынды далада қалдыру
емес. Тек бірлесе отырып, «Capital Petrol»-дан қарызды өндіріп алуды қалайды.
Гүлнар Мұсатаева, «Нұрбанк» АҚ
басқарушы директоры:
Компания несиені алды, бірақ
өтемеді. Келісімшартқа сәйкес, олар құрылыс аяқталған соң пәтерлерді «Нұрбанк»
АҚ кепілдікке қоюы керек еді. Бірақ компания пәтерлерді үшінші тұлғаларға шұғыл
сатып жіберген. Ақшаны «Capital Petrol» қайтаруға міндетті. Себебі бұл дауда
пәтер иелері де зардап шегіп отыр.
Ал өткен аптадан бастап «7
континент» кешенінің тұрғындары сотқа шақыртыла бастаған. Әзірге іспен танысу
процесі жүруде. Оған пәтер иелері, құрылыс фирмасы мен банктің заңгерлері түгел
қатысып жатыр.
Құралай ПИОНЕР