$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Тоқтар Төлешов 21 жылын қатаң режимдегі колонияда өткізетін болды

AstanaTV
07.11.2016ж. 20:00
3727
Тоқтар Төлешов 21 жылын қатаң режимдегі колонияда өткізетін болды

Тоқтар Төлешов 21 жылын қатаң режимдегі колонияда өткізеді. «Шымкент» сыра зауытының экс-басшысына осындай жаза кесілді. Сондай-ақ дүние-мүлкі тәркіленіп, «Құрмет» ордені, «полковник» шені мен атақ-дәрежесі толығымен жойылатын болды. Осы іске қатысы бар өзге фигуранттарға сот 5 жыл шартты мерзім мен 21 жыл қатаң режимдегі колонияға тоғыту аралығында үкім шығарды. Солардың бірі - Бас прокурордың бұрынғы орынбасары Ілияс Бақтыбаев - 7 жылын қатаң режимдегі колонияда өткізбек. Сотқа Төлешовтің қыздары мен әйелдері қатысқан жоқ. Ал сотталушының ұлы Төлеген Төлешов 5 жыл шартты мерзімге кесіліп, сот залынан босатылды.

Еске салайық, Тоқтар Төлешов жыл басында тұтқындалған болатын. Оған билікті заңсыз жолмен басып алуға әрекет жасап, ел ішінде заңсыз митинг ұйымдастырды деген айыптар тағылған. Кейін оның заңсыз қару жарақ пен есірткі сақтағаны, тағы да басқа көптеген заңсыз әрекеттері әшкере болған. 

Ербол Ахметжанов, Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған әскери сотының судьясы: 

Айып тағылған баптарға сәйкес Төлешов 21 жылға бас бостандығынан айырылып, қылмыстық істер арқылы келген  дүние-мүлкі тәркіленсін.  Коммерциялық - қоғамдық орындарда басқарушылық қызметпен айналысуға өмір бойына тиым салынады.  Жазасын қатаң режимдегі колонияда өтесін.