Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Қазақстандағы дәріханаларда қауіпті дәрілердің бары рас па?: ДСМ жауабы

AstanaTV
10.09.2023ж. 18:25
573
Қазақстандағы дәріханаларда қауіпті дәрілердің бары рас па?: ДСМ жауабы

Әлеуметтік желіде ер адам Қазақстандағы дәріханаларда қауіпті дәрілердің барын айтқаны туралы видео пайда болды. Денсаулық сақтау министрлігінде бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Stopfake.kz-ке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Басылым оқырмандары редакцияға белгісіз ер адамның жасаған мәлімдемесін тексеруді сұрады. Желіде тараған видеода ер адам Қазақстандағы дәрі-дәрмектердің алтыдан бір бөлігі – контрафакт екенін, ал дәріханалардағы кейбір танымал дәрілер қауіпті екенін айтады.

Фактчекерлердің жазуынша, видеода ер адам бірнеше шындыққа жанаспайтын мынадай ақпаратты айтқан: Қазақстандағы дәрілердің алтыдан бір бөлігі – контрафакт (шынайы дәрі емес);

Қазақстан Республикасының кеденінде вазелин, бұрыш және лимон сығындысынан тұратын "Фастум гель" препаратының партиясы тәркіленді;

Қарағандыда 35 жастағы автобус жүргізушісі құрамында егеуқұйрық уы бар "анальгинді" ішкеннен кейін жарты сағаттан соң көз жұмды.Тағы 16 адам сол дәріден қатты уланған; Алматыда дәріханалардың тексерісі барысында "Но-шпа" препаратының маркасымен қарапайым бор сатылғаны анықталды.  

Бұл ретте Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті бұл ақпараттың әрқайсысын жоққа шығарды.

"Бүгінде осы хабарланған жағдайлардың негізінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттерінде дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың айналымы саласындағы заң бұзушылықтар анықталған жоқ және тіркелмеген. Осылайша белгісіз лектордың "фактілерінің" ешқайсысы расталмаған, яғни бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Айта кетейік, елімізде барлық дәрі-дәрмек дәріхана сөрелеріне жеткізілмес бұрын сапасы мен қауіпсіздігі және тиімділігі жағынан міндетті сараптамадан өтеді", – деді ведомствоның баспасөз қызметі.

Кешенді бағалауды Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының (ДМСҰО) сарапшылары жүргізетінін атап өтті. Олар құжаттарды мұқият тексеріп, клиникалық және клиникаға дейінгі зерттеулер дерегін мұқият зерттейді, зертханалық жұмыстар жүргізеді. Кейін зерттеу қорытындысының негізінде Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті тіркеу куәлігін, яғни Қазақстан аумағында сатуға рұқсат береді.

"Сондай-ақ дәрілік заттардың тұрақты фармакологиялық қадағалауы және медициналық мақсаттағы бұйымдардың мониторингі тіпті қолданысқа жіберілген кезінде де жүзеге асырылады, яғни дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың барлық өмірлік циклында сапасы тексеріліп, бағаланады. Бұл жұмысты Комитет Ұлттық орталықпен бірлесіп жүзеге асырады", – деп толықтырды ведомстводан.

Сонымен қатар фактчекерлер мәліметінше, желіде тараған видео жаңа емес. Бұл бейнежазба алғаш рет 2019 жылдың наурыз айында Facebook желісінде жарияланған. Бірақ видеоның сипаттамасында мінбердегі адамның кім екені және қай жерде сөйлеп тұрғаны жазылмаған. Кейін бұл ролик YouTube және Instagram желісінде шығып тұратын.

"Сондай-ақ видео пайда болған 2019 жылы да, кейінірек те БАҚ пен әлеуметтік желіде Қарағандыдағы жүргізушінің өлімі туралы, я болмаса шекарада танымал маркалы жараға жағатын майдың партиясы тәркіленді деген ақпарат немесе Алматыдағы дәріханаларда ауырсынуды басатаын дәрі деп бор сатылды деген сияқты қауесет пайда болмағанын ескерген жөн", – делінген материалда.