Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

"Нағыз құтқарушы ең бірінші зардап шегушіні ойлайды", - өрт сөндіруші

"Нағыз құтқарушы ең бірінші зардап шегушіні ойлайды", - өрт сөндіруші

Қызылордалық Қошқаровтар әулетінен 10-ға жуық төтеншелік шыққан. Олардың алғашқылары бейнетінің зейнетін көріп отыр. Ағайынды үш жігіттен өрбіген балалар тамыр жайып, бүгінде адал қызмет етуде. Бір қызығы келіндері де осы салада абыроймен жұмыс істеп келеді. Өркен жайған өнегелі әулетте тілшіміз қонақта барды.

Асхат Ұзақбайұлы 17 жылдан бері төтенше жағдайлар саласында жұмыс істейді. Еңбек жолын өрт сөндіруші болып бастаған. Бұл бала күнгі арманым болатын дейді. Марқұм әкесі кезінде өрт сөндіру көлігін жүргізген екен. Қиындығы мен жауапкершілігі мол салаға тайсалмай келуіме түткі болған да сол дейді.

Асхат ҰЗАҚБАЙҰЛЫ, №5 ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ ҚАРАУЫЛ БАСТЫҒЫ:

Көзімді ашқаннан, есімді білгеннен қызыл машинаны көрдім. Әкемнің артынан қалмайтынмын жұмыста. Өзім жақсы көремін жұмысымды. Бала кезде армандағанмын осы қызыл машинаға отырсам, айдасам. Сигнал беріп, дабылын қосып кетіп бара жатады. Соған қызығамыз ғой бала кезде. Сөйтіп келген мамандығымыз. Адам жұмысын жақсы көрсе қиындықтар туындамауы мүмкін. Туындамайды ешқашан.

Бұл азаматтар әулетте ғана емес, қызметте де бірге. Ағайынды үш жігіттен тараған олардың әкелері де төтенше жағдай саласында табан аудармай жұмыс істеген. Сол ізді жалғап келе жатқан олардың екеуі өрт сөндіру қызметінде, бірі жедел құтқару жасағында жұмыс істейді.

Талғат ТҰРСАНОВ, ЖЕДЕЛ ҚҰРҚАРУ ЖАСАҒЫНЫҢ ҚҰТҚАРУШЫСЫ:

Бұл салаға келгеніме өкінбеймін ешқандайда. Негізінде кішкентай кезімнен құтқарушылардың жұмыс істеп жатқандары, биіктікте адамдарды құтқарып жатқан жұмыстарын көріп, жұмысы ұнағандықтан осы салаған келуіме себеп болған шығар деп ойлаймын. Құтқару кезінде әрине қиындықтар тудырады. Қорқатын сәттер де болады. Жеңе білу де керек.

Қошқаровтар әулетінің келіндері де өрт сөндіру қызметінде. Келген қоңырауды қабылдап, жағдайды жедел баяндауға машықтанған. Шолпан Мақатова бұл әулетке келін болғанына 10 жылдан асқан. "Жолдасымның қолдауымен жұмысым мен отбасымды қатар алып жүрмін" дейді ол.

Шолпан МАҚАТОВА, №1 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ РАДИО ТЕЛЕФОНИСТІ:

Мен кезекшілікке түскен кезімде бала-шағама жолдасым қарап қалады. Ер адам болғаннан кейін ол кісілерге оңайға соқпайды балаға қарау деген. Дегенмен қолдауы өте жоғары. 11 жылдан асты ғой жолдасымның бұл салада жұмыс жасап жатқанына. Кез-келген уақытта бізде не боларын білмейміз шақырту кезінде. Алаңдау деген болады. Дегенмен жұмыс қой.

Осылайша, бір әулеттен тараған ұрпақ елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай тер төгуде. Жұмысына адалдық танытқан бұл жанкешті жандар қашан және қандай жағдай болса да қатардан табылуға дайын.