$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Хайуанаттар бағы емес...

AstanaTV
09.04.2016ж. 20:00
4199
Хайуанаттар бағы емес...

Әлемдегі ең керемет зообақтардың сипаттамасын оқып, парктер туралы бейнефильмдерді қарасаңыз, ғылымға арқа сүйеген, мол инвестиция құйылған орталықтар екені көрініп тұр. Ал Дания жануарлардың мазасын алмайтындай етіп бақылауға болатын, жануарлар өздерін тар қапастадығыдай сезінбейтін жаңа зообақ салып жатыр. «Қапастағыдай сезінбейтін» дегені біздегідей кіп-кішкентай вольерлер мүлдем болмайды деген сөз. Жалпы, әлемдегі ең-ең деген зообақтар біздегі ескірген, сасық исі мүңкіген, жануарлардың сүйретілген денесі қалған, бишара жануарларды аяғаннан басқа, айтарлықтай танымыңды ұлғайтпайтын зообақтардан мүлдем басқа...  Осы аптада Алматы зообағында «Құралай» есімді жолбарыстың ауруға шалдыққаны айтылды, ал зообақта проблема өте көп. Хайуанаттар бағындағы 6 қар барысының өліп қалғаны өте көп проблеманың өте терең екенін көрсетеді. Айгүл Ермаханның «Хайуанаттардың БАҒЫ емес» репортажы.

Алматы зообағы хайуанаттарға қауіп төндіретін ортаға айналып барады. Олай дейтініміз мұнда «Қызыл кітапқа» енген аңдардың өлімі жиілеп кетті.  2009 жылдан бері аурудан қар барыстары ғана емес, ұзын-саны 39 бағалы аң өлген. Бұл жалған ақпарат емес, бақ директоры Қанат Кәрімовтің аузынан шыққан сөз.

Қанат Кәрімов, Алматы хайуанаттар бағының директоры:

2009 жылдан бері мысықтұқымдас аңдар өлді. Олардың саны 39-ға жетті. Арасында арыстандар бар.

Өлді деген барыстың саны 6 емес,  8 екені анықталып отыр. Солар сияқты  «өкпе қабыну» диагнозымен қазір 6 жастағы Құралай есімді ұрғашы жолбарыс ауырып жатыр.  4 айдан бері ветеринарлық ем қабылдағанымен беті бері қарар емес. Өткен жылы да ауырып, емделген. Бірақ  биыл сырқаты  тағы сыр беріпті.  Мамандар  консилиум өткізіп,  ем-дом жұмыстарын жүргізіп-ақ жатыр. 

Мұхтар Байжанов,  мал дәрігері:

Бір барыс ауырып бастаған кезде ол деген звонок болу керек еді.  Неге ауырып жатыр деген? Сол кезде зообақтың мал дәрігерлік службасы диагностировать етіп, анықтап, өкпе қабыну болса оны соған қажетті дәрі-дәрмектерді  егуді, сосын жаңағы тұратын жерін суып кетсе  жылытуға, астына сабан ба, шөп пе төсеп, ылғалдықты дұрыстап, сол әрекет жасау керек. Оған сондай условие керек емес. Кәдімгі үйдің малдарына  қандай температура керек болса, сондай болу керек.

Әлеуметтік желіде жарыса жазған табиғат жанашырларының  барыстардың  ауырып өлгеніне күмәні бар. Әдейі өлтіріліп, терісі саудаланды дейді. Кейбірі тіпті мейрамханалардың көркін келтіріп тұрған барыс терісін суретке түсіріп жариялады. Бұған не дейсіз? деген сауалды хайуанаттар бағын 30 жыл басқарған Көмек Мұқашұлынан сұрадық.  Жауаптан басын ала қашты. Бірақ ол әу-бастан зообаққа барыстарды бекер алдырдық деп өкінеді.

Көмек Әлменбаев, Алматы хайуанаттар бағының  бұрынғы директоры:

Бұрын экология жақсы болатын. Қазір көлік көп. Ол кезде 2 барыс ұстайтынбыз. Оларды күтіп –бағып, жақсы қарайтынбыз. Содан көп өмір сүретін. Ал, мен  денсаулығыма байланысты жұмыстан кеткен соң,  олар оның санын көбейте бастады.  2012 жылы бірден  5 барыс  әкелген. Әрі олардың денсаулығын дұрыс тексеріп алмаған.

Қанат Кәрімов, Алматы хайуанаттар бағының директоры:

Алты барыстың терісін сатып жіберді деп біреулер айтыпты. Ақпарат шыққаннан кейін «Табиғатты  қорғау прокуратурасы» 14-наурыздан  бастап тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бір аптадан соң қорытындысы шығар. Тексеру жүргізгенде құжаттарды қарайды. Осындағы бұрынғы адамдарды шақырып жатыр. Сауалдарын қойып жатыр.

Тексеру нәтиже берсе, барыстарды ауыртып, арам қатырғандар жауапқа тартылуы мүмкін.  Бірақ зообақ ұжымы аңдардың сыз өтіп өлгенін мойындар емес. Бағалы аңдарды бағалай алмағандар бәріне кінәлі  «инфекция» дейді.

Қанат Кәрімов, Алматы хайуанаттар бағының директоры:

Хайуанаттар бағының ішінде бір жұқпалы инфекция бар. Тек ғана мысық тұқымдастарға жұғатын нәрсе деп ойлаймыз.  Қалалық бас ветеринар дәрігермен ақылдаса отырып,  мысықтар тұратын жерлерде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Ол бір күннің шаруасы емес, ол өте күрделі жұмыс. 2-3 ай тазалап, дезинфекциялап, басқа жақтан құм әкелеміз бе, көреміз.

Сіз әлі көреміз деп жүргенде аңдар арам қатпаса болғаны. Жануарлардың өліміне экология әсер етті деген болжам да жоқ емес. Тіпті ішкен асы да тұщымды бола қоймаған. Мәселеге нүктені  кешенді зерттеу қоймақ.

Маратбек Сүлейменов, зоология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары:

Мысалы менің естуімше мысықтар жүр дейді. Солардан көп нәрсе жұғады. Зоопарктің аумағында, территориясында  олар жұқпалы ауру жұқтыруы мүмкін. Ол  адамға да қауіпті.  Мысалы мысықтар «токсоплазмоз» деген ауру жұқтырады.  Өте қауіпті ауру. Оның емі жоқ. Менің естуімше қар барыстарының, жолбарыстың өлуі жаңағы условие содержание  келмеді дейді. Температуралық режим сақталмаған. Содан кейін вольердің барлығы ескі, стандартқа сай емес.

Алматының зообағы әбден ескірген.  Қолқаны қабатын сасық иістен  хайуанаттар бағын тамашалауға келген адам түгілі аң тұншығуы мүмкін.  Тіпті, аңдардың сиреп кеткені соншалық, қаңтарылып тұрған бос торлар көп. Осыған жаны ашыған болуы керек, кәсіпкер Райымбек  Баталов  былтыр бас көтеріп, өзі сияқты меценаттарды маңайына жинады. «Алматы хайуанаттар бағына  көмек көрсету әлеуметтік қорын» құрып, зообақты жаңғыртуға 483 миллион теңге жинауға уәде еткен. Хайуанаттар бағын реконструкциялау үшін бас жобаны жасауға неміс сәулетшісі Питер Разбах тартылған. Кәсіпкерлер 2015 жылы 225 миллион теңге аударған. Сол қаражатқа тозығы жеткен вольерлер  мен  аквариумдар қайта жасақталып жатыр.

Райымбек Баталов, «Алматы хайуанаттар бағына көмек әлеуметтік  қорының» төрағасы:

 Бала кезімізде осы зообақтан шықпайтынбыз. Менің балаларым да осы зообақты көріп өскен. Сол себепті  жануарларға үнемі жаным ашиды. Шын жүректен көмектескім келеді.

Қанат Кәрімов, Алматы хайуанаттар бағының директоры:

Бұрынғы вольерлер темірден жасалған жәшіктер сияқты етін - ұзындығы 10 метр, ені 5-6 метр. Аюларымыз, барысымыз сонда тұрды. Қазіргі таңда жасалып жатқан жобаға қарасақ, вольерлер деп айтуға болмайды. Жануарлар табиғат аясында жүргендей, барынша еркіндікте болады.

Тек   кәсіпкерлер  емес, дағдарысқа қарамай жергілікті әкімдік те  қаражат құйыпты. Өткен жылы  310 млн теңге бөлсе, биыл оның көлемін 350 миллион теңгеге жеткізіпті.  Ал 2015 жылы келушілердің саны 460 мыңға жетіп,  280 миллион теңге табыс тапқан. Алайда Алматы зообағы үшін халықаралық стандарт алыстағы арман. 

Қанат Кәрімов, Алматы хайуанаттар бағының директоры:

Мал дәрігерлерінің сапасы да, тәжірибесі де баяғы заманда қалып қойған ғой. Одан кейін  ветеринарный частьтің құрал - саймандары жоқ. Рентген алу үшін жай рентген  алсақ 10 -15 млн теңге. Заманға сай алсақ, рентген  200 -300 млн теңге тұрады заманға сай алу керек. Кішкентай хайуандар,  пілдер бар,  алған  соң дұрыстап алу керек.

Вольерлер тұрғызудан басқа, экзотариум жанынан 10 шақты сүтқоқоректі сурикат жануары  орналасатын жай салынады. Жоқ аңдар басқа елдердің зообақтарынан әкелінеді. Оларды бүркіттерге алмастырады. 

 «Қызыл кітапқа» енген жануарлар аз да болса Алматы іргесінде бар.  Ол да қуантады. Іле-алатауында жасырылып қойылған фотоаппараттар  20 қар барысын түсіріп үлгерген. Бақылау әлі күнге дейін  жалғасуда.

Алексей  Грачев,  зоология институтының ғылыми қызметкері: 

Елімізде қар барыстарын зерттеу жұмыстары 2012 жылдан басталды. Үш жыл бақылап, 4-ші жылы барыстардың санын анықтадық. Сөйтсек, бар –жоғы  130 бас бар екенін білдік. Өткен ғасырдың 80 жылдарымен салыстырғанда  бірнеше есе азайып кеткен. Бүгінгі азаюына себеп, мекендейтін жерлерінің ауысуы мен сол баяғы қаскөй аңшылардың қарекеті. Біз де табиғат жанашыры ретінде зообақтағы жағдайға бей-жай қарамаймыз. Қаншама қар барысы қырылып қалды. Міндетіміз алдағы уақытта осыған жол бермеу. Ол үшін табиғаттан ақшаны аямай бөлу  керек. 

Ал, жуырда іске кіріскен Мәжілістің депутаты барлық мәселенің шешімі  бөлінетін  қаражатқа байланысты дегенмен келіспейді.

Ирина Унжакова,  ҚР парламенті Мәжіліс депутаты:

Менің ойымша,  жабайы аңдар мен жануарларға өз табиғи ортасындай жағдай жасау керек. Тар темір торға қамап қойғаннан түк шықпайды. Содан соң,  хайуандарды күтіп-бағатын мамандардың жұмысына жіті  мән беретін  уақыт келді. Күтімді жақсарту керек.

Құрылысы жүріп жатқан су жаңа аквариумды  зообақ қонақтары шілде айында  тамашалай алады. Ал, қар барысы мен аюларға арналған вольерлер қолданысқа күз айында беріледі. Пілдер қамалған тар қапасты да ауыстыру жоспары бар.  Жалпы хайуанаттар бағын түбегейлі қалыпқа келтіру 2020 жылға барады. Қазір зообақ ұжымы  2 ғана барыс алуды жоспарлап отыр. Жиілеген өлімнен қорқып қалса керек. Қазір хайуанаттар бағында бар-жоғы 5 мың жануар бар.

Қордаланған проблема зообақта  жетіп артылады. Сорақысы онсыз да айықпас ауруға  шалдыққан мысықтұқымдас хайуандарды өлтіруге  зообақ қонақтары да кіріскен. Жуырда бір кісі аңдарға азық алып келіп, зообақтың кіреберісіне тастап кетіпті. Кешкісін күзет қызметкерлері  азық салынған қалтаның ішін тексере келе арасынан  атжалманның уын тапқан. Қазір күдікті іздестіріліп, зообақта бақылау күшейді. Алайда 30 бейнекамера жан-жақтан төніп тұрғанмен, адам санасы өзгермесе, түк те өзгермейді.

Айгүл Ермахан, «Біздің уақыт».