$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Солтүстік Қазақстанда егін орағы кестеден кешеуілдеп жатыр

12.09.2023ж. 20:00
1129
Солтүстік Қазақстанда егін орағы кестеден кешеуілдеп жатыр

Солтүстік Қазақстанда егін орағы кестеден кешеуілдеп жатыр. Қолайсыз ауа райының салдарынан шаруалар піскен астықты жинай алмай әуре. Тек Қызылжар өңірінің өзінде 250 мың гектар жерде егін дестеленіп, әлі күнге дейін орылмаған. Қостанайда да жағдай қиын. Аймақтардағы ахуалды тілшілеріміз жеткізеді.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Бірнеше күн қатарынан толассыз жауған жаңбыр шаруаларды шаршатты. Жаз бойы қуаңшылыққа алаңдаған олар енді аспан қашан ашылады деп күтіп отыр. Көбі бидай артығымен піссін деп, егінді шауып қойған. Алайда, жоғары ылғалдықтан жердегі дән қайта көктеп жатыр.

Максим ЗОЛОТИЛИН, ДИҚАН:

мен 600 гектар жерге егін ектім. Сапасы енді жақсы болмайтыны анық. Мұндай бидайдың құны 50 мың теңгеден аспайды. Оны сату да оңай емес. Биыл шығынға белшеден батуым мүмкін.

Бүгінде аймақ бойынша астықтың 32 пайызы ғана орылған. Диқандар жоспардан екі есе кешігіп жатыр. Ал ауыл шаруашылығы басқармасы жауын шашыннан әу баста хабардар болғанын айтады. Тек шаруаларды ақпараттандыру ісінде осалдық танытқан көрінеді. Сан мәрте жиын өткізумен әлек болған шенеуніктер енді тек ауа райына сенім артып отыр.

Мейрам МЕҢДІБАЕВ, СҚО АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Аяқтауды қазір нақты айта алмаймын. Оның бәрі ауа райына байланысты. Біз де енді жай отырмай. Үлкен жиын жасап, үлкен аудандармен, ауыл шаруашылықтармен бәрі жеткізіп айтып жатырмыз. Тұрмау керек, бәрін посменно жасау керек. Жиындардың көмегі - біз толық ақпарат береміз.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Бүгінде өңір бойынша үшінші класты астықтың небары 280 мың тоннасы ғана қамбаға құйылған. Ал көршілес Қостанайда жағдай қалай? Ол туралы әріптесім Заңғар Санай айтады.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Тобыл өңірінде де апталап жауған ақ жауын күзгі жиын-терім жұмыстарын тоқтатты.Бүгін ғана күн ашылды.Бірақ батпаққа айналған алқапқа техника кіре алмай тұр. Қыркүйектің нөсері шаруаларды қыруар шығынға ұшыратты.Бітік шыққан бидайдың ылғалдылығы артып, сапасы төмендеп кетті.

Облыс бойынша астықтың 24 пайызы ғана орылған. Оңтүстік аудандардағы өнім шығымдылығы небәрі 3-4 центнер. Оның өзі жаңбыр астында қалды.Аймақтағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің айтуынша, қамбадағы астықтың 20 пайызы ұн тартуға жарамсыз.

Рысты БАЙЕКЕНОВА, «ҚАЗАҚСТАН АГРАРЛЫҚ САРАПТАМАСЫ» АҚ ҚОФ МАМАНЫ:

Биыл осы лабораторияға келіп жатқан тұқымдардың ылғалдылығы өте жоғары.Содан кейін өсуі де, қоймаларда сақтау да өте қиынға соқтырады.

Шаруалар азық-түлік келісім шарт корпорациясынан былтырғы астықтан тұқымдық алуға өтініш білдіруде. Биылғы өнімді сақтап қалу үшін тез арада кептіру керек. Кептіргіш құрылғылары жоқ диқандар элеватор жағалап жүр. Диқандар төтенше жағдай жариялау керек деп отыр.

Марат АХМЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ФЕРМЕРЛЕР ОДАҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Шынында да кейбір жігіттер айтады жинау керек пе,керек емес пе деп. Өйткені бәрібір оны элеватор қабылдап алмаса. Біз оның бәрін кептіре алмаймыз.Қоймамызда шіріп кетеді. Сол себептен бүгінгі күні қандай да бір шешім шықты деп айтуға болмайды.

Басқарма өкілдері министрліктен жұмыс тобы келіп,диқандармен кездескенін мәлім етті.Астаналық атқамінерлер лизингпен берілетін мобилді кептіргіш лимитін арттырып, агрегатты шұғыл жеткізу жағы шешілгенін айтқан.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Сондай-ақ астықты кептіруге жеңілдетілген бағамен қосымша дизель отыны бөлінген. Шаруалардың несие мерзімін кейінге шегеру мәселесі де көтеріліпті.Ал шығынға ұшыраған диқандардың жағдайы министрлік деңгейінде қарастырылып жатқан көрінеді.