Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Ақтөбеде көктемгі су тасқынынан зардап шеккен көпбалалы отбасы сыз тартқан үйде әлі тұрып жатыр

12.09.2023ж. 20:00
690
Ақтөбеде көктемгі су тасқынынан зардап шеккен көпбалалы отбасы сыз тартқан үйде әлі тұрып жатыр

Ақтөбелік Дошаевтар отбасы былтыр көктемдегі су тасқынының зардабын әлі тартып отыр. Олар тұратын баспананы жетпіс пайыз су басып қалған болатын, әлі сыз тартып тұр. Ал көпбалалы жанұя биыл тағы осы үйде қыстамақ. Себебі, олардың басқа барар жері жоқ. Мәселе неге назардан тыс қалды? Оларға енді кім көмек көрсетеді? Бақыт Қазанғапқызының бейнематериалы.

Қызыл су баспананың жартысынан астам бөлігін басып, тіпті үйдің терезесіне дейін жеткен. Отбасы сол кезде уақытша бекетті паналапты. Кейін амал жоқ, басқа баратын жер болмағандықтан, қайта келді. Әлі осында тұрады. Қазір үйдің қабырғалары сөгіліп, едені сыз тартып тұр. Ал қыста жағдай мүлдем қиын дейді.

Тұрар ДОШАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Білмеймін балалар ауру болады. Сырость болады.Күн жылыған соң білінбей тұр. Қыста вообще. Екі көрпе жамылады. Қыста біздер қатты тонған кезде газдың өзің ашқанның өзінде мына жерді ысытып үлгере алмайды. Есікті жауып қоямыз. Ана екі бөлмеге екі бастан бармаймыз. Осы жерде жатамыз, тамақ ішеміз. Ұйықтаймыз төрт баламен мысалы.

Су тасқынан кейін жергілікті әкімдік тарапынан отбасыға жүз тоқсан төрт мың теңге көлемінде бір жолғы көмек берілген. Бірақ ол шығынды толықтай жабуға жетпепті.Үйге толықтай күрделі жөңдеу жүргізу керек. Бірақ отбасының оған жағдайы келмейді.

Жұпар ОТЫЗБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Ленолиумдері болды ғой. Бәрін алып тастадық. Ыссы да көрпелерді жайып алдым. Сонда да ылғал шыға береді.

Отбасы жергілікті әкімдікке барып, уақытша тұратын баспана сұрады. Болмаса, қыста бұл үйде тұру енді мүмкін емес. Ал билік өкілдері, оларға жер телімі берілетінін хабарлады.

Жақсат ТӨЛЕГЕНОВ, АСТАНА АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мемлекеттік жер қорынан жер бөлінді. Тұрғын үй құрылысын салуға. Бүгін ғана ол кісімен сөйлестім. Үйіміз салқын деген соң, жатақханадан бір бөлме Жаңақоныс ауылынан ұсынылды. Бірақ Жаңақоныс мектепке қашықтау деп ол кісі бас тартып отыр.

Әкімдік сондай-ақ, көпбалалы отбасына үй салып беру үшін демеушілер қарастырып жатқанын жеткізді.