Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

"Орта бизнесті қолдау үшін елімізде ешқандай ерекше жағдай жасалмаған", - Президент

12.09.2023ж. 20:00
517
"Орта бизнесті қолдау үшін елімізде ешқандай ерекше жағдай жасалмаған", - Президент

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесті. Президент биылғы Жолдауында елімізді одан әрі дамытуға арналған тың тәсілдерді ұсынғанын алға тартты. Экономиканың өсімін кемінде 6-7 пайызға жеткізу жоспарланған. Ол үшін бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсету қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет кәсіпкерлерге көмектесуге міндетті екенін айтты. Олар «шағымданушы» немесе «қолдауға мұқтаж» рөлінде көрінбей, мемлекеттік аппараттың теңқұқылы серіктесіне айналуға тиіс.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Кәсіпкерлердің соттарға, құқық қорғау және салық органдарына, жергілікті билікке қатысты шағымдары азаймай тұр. Бұл ретте бизнес тарапынан да салықтан жалтару, капиталды жылыстату, мемлекеттік қолдауға ие болған кезде алаяқтық жасау фактілері жиі ұшырасады. Еңбек ұжымдарының құқығын таптау жағдайлары да кең таралған. Осының салдарынан екі тарап әрдайым бір-біріне сезіктене қарап, кінә артуға дайын тұрады.

Мемлекет басшысы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуын жеделдетуді тапсырды. Осы ретте орта бизнестің сыртқы нарықта дамуы, бәсекеге қабілетті жаңа өнімдерді өндіруі және оны экспортқа шығаруы үшін мүмкіндіктері мен ынталандыру құралдары бар. Бірақ Президент орта және өңдеу өнеркәсібін қолдау үшін ешқандай жағдай жасалмағанын айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Керісінше, қазіргі нормативті ортада, оларға, тіпті кеңейген кезде де, формальды түрде шағын бизнес болып қалу тиімдірек. Үкіметке және «Атамекен» палатасына осы мәселе бойынша ұсыныс енгізіп, нақты іске көшуді тапсырамын.