$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Португалияда 2,2 млн литр ішімдік көшеге төгілді

AstanaTV
12.09.2023ж. 22:47
770
Португалияда 2,2 млн литр ішімдік көшеге төгілді

Португалиядағы Анадия шағын қаласының көшелерінде қызыл шарап өзен болып ақты. Жергілікті Levira арақ-шарап зауытына тиесілі екі цистерна жарылып, қала көшелеріне 2,2 млн литр алкоголь төгілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат New York Post басылымына сілтеме жасап.

Желіде жарияланған видеода 2000-ға жуық тұрғыны бар Анадия қаласында көше бойын жағалай қызыл шарап ағып жатқаны көрінеді.

Төгілген шараптың көптігі соншалық, онымен олимпиадалық жүзу бассейнін толтыруға болады.

Қала билігі экологиялық дабыл қағып, төгілген алкоголь жергілікті Чертима өзенін ластамауы үшін шұғыл әрекетке кірісті.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Анадия өрт сөндіру бөлімі «шарап тасқынын» бөгеп, өзенге жеткізбей, жақын маңдағы егістікке бағыттаған.

Өрт сөндірушілер алкоголь зауытының жанындағы үйдің жертөлесі шарапқа толғанын хабарлады.

Арақ-шарап зауыты болған оқиға үшін халықтан кешірім сұрап, шарап сіңген топырақты қазып алғанын айтты.

«Біз тазалау және зақымданған жерлерді жөндеу кеткен бүкіл шығынды өз мойнымызға аламыз», - делінген зауыт мәлімдемесінде.