$498.34 €519.72 ₽4.85
×

"Қазақстан Еуразияның транзиттік хабы ретінде өз рөлін күшейтуге ниетті", - Президент

14.09.2023ж. 20:00
785
"Қазақстан Еуразияның транзиттік хабы ретінде өз рөлін күшейтуге ниетті", - Президент

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Эмомали Рахмонның шақыруымен Тәжікстан Республикасына жұмыс сапарымен барды. Қазақстан мен Тәжікстан президенттері екіжақты қатынастардың қазіргі жағдайы мен перспективасын, сондай-ақ бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын талқылады. Кездесуде тағы қандай ұсыныстар мен бастамалар көтерілді? Толығырақ тілшіміз Сүндет Оралбек тарқатады.

Екі ел басшыларының кездесуінде сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастыққа баса мән берілді. Президенттер стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайтуға өзара ниетті екенін растады. Ал, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіп кооперациясы мәселесін көтерді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгінде жаһандық өндірісте қысқа, аймақтық, орнықты жеткізу тізбектерінің қалыптасу үрдісі байқалады. Осы орайда азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс және химия өнеркәсібі салаларында тауар өндіру бойынша кластерлік кооперациялық жобалар жасау ісінің әлеуеті зор. Осыған байланысты Орталық Азия мемлекеттерінің өнеркәсіптік кооперациясын дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеуді ұсынамын. Бұл жоспар тауарлардың жекелеген түрлерін өндірудің тұйық циклін қалыптастырып, алдағы уақытта үшінші елдердің нарықтарына экспорттауға бағытталар еді.

Қазақстан Еуразияның транзиттік хабы ретінде өз рөлін күшейтуге ниетті. Мемлекет басшысы Орталық Азия елдерінде көлік-логистикалық әлеуетін толыққанды іске асыру керек екенін айтты. Бұл сала, шын мәнінде, аймақтың қарқынды дамуы үшін тірек бағыты бола алады. Осы мақсатта «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол жобалары, сондай-ақ «Жаңаөзен – Түркіменстан шекарасы» автомобиль жолы жайында сөз қозғалды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бізге бауырлас мемлекеттермен бірлесіп, өңір ішіндегі сауда-саттыққа кедергі келтіретін «осал тұстарды» реттеу үшін көлік және логистика инфрақұрылымын дамыту жұмысын жалғастыру өте маңызды. Қазақстан жақын серіктестерімен экономикалық байланыстарды кеңейтуге ықпал ететін бірқатар ірі жобаны жедел жүзеге асыруды көздейді.

Кездесу аясында сауда, білім саласы, жастар саясаты, аймақаралық үйлесімді арттыру бойынша біраз ұсыныстар айтылды. Сарапшылар Душанбедегі басқосу бес мемлекетке де пайдалы тұсы көп дейді.

Риззат ЕЛУБАЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Бұл жылғы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуі мерейтойлы. 30 жылға қорытынды жасалатыны анық. Осы кездесу барысында 5 қорытынды құжат қабылданбақ. Сіздер білесіздер өткен жылы Шолпан-Атада өткен кездесуде Тәжікстан мен Қырғызстан қорытынды құжатқа қол қоймай кеткен. Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі осы жолы 5 мемлекеттің басшылары қорытынды құжатқа қол қояды дегенге сенімі артты.

Кездесу қорытындысы бойынша 5 мемлекеттің басшылары бірқатар құжаттарға қол қойды. Мемлекет басшысы Орталық Азия елдерінің басшыларын Қазақстанда өтетін 6-шы Консультативтік кездесуіне шақырды.