Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Ақтөбелік диқандар дабыл қағуда: астық жарамсыз боп қалды

15.09.2023ж. 20:00
1221
Ақтөбелік  диқандар дабыл қағуда: астық  жарамсыз боп қалды

Ақтөбелік шаруалар дабыл қағуда. Толассыз жауған жаңбырдан мыңдаған гектар егін жарамсыз боп қалған. Диқандар биыл астық алмасақ, шығынға белшеден батамыз деп қорқып отыр. Сондықтан өңірде төтенше жағдай жариялауды сұрайды. Өңірдегі тілшіміз Бақыт Қазанғапқызы толығырақ айтады.

Әйтеке би ауданында жиырма күн тоқтаусыз жауған жаңбырдан шаруалар зардап шегіп отыр. Балшықтан егістікке жақындау мүмкін емес. Александр Чемодановтың шаруашылығы 17 мың гектарға егілген бидай мен арпаның тек 8 гектарын жинап үлгерген. Қалғаны енді жарамсыз.

Александр ЧЕМОДАНОВ, ШАРУАШЫЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

Бізде 22-нен бастап бүгінге дейін 100 мл ден астам жауын- шашын жауды. Қазір бидайдың басы құлап тұр. Бидайдың масағы өсіп кетті. Бұл біз үшін өте қиын жағдай.

Өңірдегі бар шаруашылықтың жағдай осындай. Егілген егіннің тек 20-30 пайызын жинаған. Биыл диқандарға оңай болмай тұр. Әуелі егістікті киік таптап кетті. Бір шаруашылыққа 70-80 млн теңге көлемінде шығын келген. Одан қалды жаздай шегіртке шабуылдап, есті шығарған.

Александр ЧЕМОДАНОВ, ШАРУАШЫЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

Енді, міне жаңбыр. Бізге өте қиын. Біздер облыс әкіміне хат жаздық. Төтенше жағдай жариялануы тиіс. Әйтпесе, біз астықты айтпағанда тұқымсыз қалуымыз мүмкін.

Ақтөбе облысында биыл 440 мың гектар аумаққа егін егілген. Бүгінде оның жартысы да жиналған жоқ. Астықтың ылғалдануы жоғары болғандықтан қазір элеваторға кептіргіш дизель алу жағы қарастырылып жатыр. Бірақ шенеуніктер Төтенше жағдай жариялауға асығар емес.

Құсайын СӘРСЕНБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Дегенмен Төтенше жағдай жариялаудың өзінің реттері бар. Бүгінгі жағдайда Төтенше жағдай жарияланбайды. Себебі, әзірге мүмкіндігіміз бар. Астық орылмай қалатындай жағдайда емес. Астық бізде свал дейді ғой. Оған шалынбаған, тікесінен тік тұр. Сол себепті орып жатыр.

Облыстағы егістік алқаптарының төрттен бір бөлігі Қостанаймен шектесетін Әйтеке би ауданында орналасқан. Сондықтан ауа райының қолайсыздығынан шығынға батқан шаруаларға несие төлеуді кейінге қалдыру немесе басқа да көмек көрсету шаралары қарастырылмақ.