Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

"Климат өзгерістері, су тапшылығы Орталық Азияның қауіпсіздігіне қатер төндіріп отыр", - Қ.Тоқаев

15.09.2023ж. 20:00
585
"Климат өзгерістері, су тапшылығы Орталық Азияның қауіпсіздігіне қатер төндіріп отыр", - Қ.Тоқаев

Жаһандық климаттық өзгерістер, су тапшылығы кезеңінің басталуы Орталық Азияның қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанда өткен Аралды құтқару қорының отырысында осылай деді. Жиында тағы Аралға байланысты қандай мәселелер көтерілді? Мемлекет басшылары қандай шешімге келді? Толығырақ келесі бейнематериалда.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанға жұмыс сапары барысында Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Айта кетейік, биыл бұл қордың құрылғанына 30 жыл. Осы аралықта Арал теңізі бассейніндегі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу бойынша аймақтық ынтымақтастықтың маңызды институтына айналды. Дегенмен аталған қордың алдында әлі де атқарылар міндет көп деді, - Президент. Себебі жаһандық климаттың өзгеруі мен қуаңшылыққа байланысты проблема өзекті мәселе болып отыр. Ол өз кезегінде Арал проблемасын одан әрі ушықтара түседі.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сарапшылардың бағалауы бойынша 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы қуаңшылық жылына ЖІӨ-нің 1,3 пайыз мөлшерінде зиян келтіруі мүмкін. Бұл 5 миллионға жуық ішкі «климаттық» мигранттың пайда болуына түрткі болады.

Мемлекет басшысы алдағы сын-қатерлерді ескере отырып, суды тиімді пайдалануды реттеу керектігін айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақ халқында «Су – ырыстың көзі» деген мақал бар. Мемлекеттеріміз су саясатын қалыптастыру кезінде судың шектеулі табиғи ресурс екенін ескеруге тиіс деп санаймын. Себебі бүкіл аймақтың әл-ауқаты мен тұрақты дамуы суға тікелей байланысты. Цифрлық технологияларды енгізу арқылы суды барынша үнемдеу мәселесі – өте өзекті. Бұл біздің су ресурстары жөніндегі ынтымақтастығымыздың негізгі бағыты бола алады.

Президент кездесуде ең алдымен, Халықаралық Аралды құтқару қорының ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру процесін тезірек аяқтауға шақырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қордың басқармасы мен Атқарушы комитетінің өкілеттілігін және жауапкершілігін кеңейткен жөн. Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясын Мемлекетаралық су-энергетикалық комиссия ретінде қайта құруды ұсынамыз. Бұл шаралар Қордың тиімділігін арттырар еді. Халықаралық Аралды құтқару қорының жұмыс органдарын ұйымға мүше елдер бойынша біркелкі бөлу және Орталық Азияның барлық мемлекетінің өкілдері арасынан олардың қызметкерлерін жасақтау мәселесін пысықтау қажет.

Президент өз ұсынысында аймақтағы барлық елдің мүдделерін ескере отырып, Орталық Азияның су-энергетика ресурстарын тиімді пайдалану үшін ұзақ мерзімді әрі орнықты аймақтық ынтымақтастық механизмін құру қажет екенін айтты. Бұдан бөлек, Орталық Азия елдерінің климат мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін құру қажет екеніне назар аударды. Бұл бастама климаттың өзгеруіне бейімделу және оның салдарын азайту үшін пәрменді шаралар әзірлеуге мүмкіндік береді деді. Мемлекет басшысының жиында айтқан ұсыныстары су тапшылығын алдын-алу бойынша маңызды. Себебі, душанбеде бас қосқан алпауыт алты мемлекетті де су мәселесі толғандырып отыр.

Риззат ЕЛУБАЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Сіздер білетіндей Арал бассейіні суының 60 пайызы Тәжікстан республикасындағы мұздықтардан қалыптасады. Ал енді соңғы жылдары суды бөлісу мәселесі, суды мемлекеттер өздерінде ұстап қалу немесе артық суды қалай бөлісу мәселесі. Одан қоса біздің көршілес мемлекеттердегі жүріп жатқан ішкі мәселелер Қазақстанның су тапшылық мәселесіне тікелей тәуелді мәселелер.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан республикасын Халықаралық Аралды құтқару қорының толыққанды мүшесі болуға шақырды. Сондай-ақ, Халықаралық Аралды құтқару қорының аясындағы жоғары деңгейдегі келесі кездесуді еліміз бастамашы болған БҰҰ шеңберіндегі Аймақтық климаттық саммитпен біріктіре отырып, 2026 жылы Қазақстанда өткізуді ұсынды. Жиыннан соң мемлекет басшылары бірқатар бірлескен мәлімдемелерге қол қойды.