Оралда 19 жастағы жігіт 33 мәрте жол ережесін бұзып, 1,5 млн теңге айыппұл арқалаған. Тәртіп сақшылары оны ұстап, көлігін арнайы тұраққа қойған, деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіп сақшыларының ақпаратынша, 15 қыркүйекте Suncar Smart Qorgau жүйесі "Ваз-2112" көлігін анықтаған. Оның жүргізушісі Орал көшелерінде жылдамдық режимін бірнеше мәрте асырған.
Аталған көлікті Есенжанов көшесінде патрульдік полиция қызметкерлері сағат 10.10-да тоқтатқан. Оның жүргізушісі бес күн ішінде жылдамдықты 33 рет асырған 19 жастағы жүргізуші болып шыққан.
Айыппұлдың жалпы көлемі 1,5 млн теңгені құраған. Жас жігіт салынған айыппұлдың 50 пайызын төлеп, қарызын жеңілдетілген тәртіпте өтей алады.
Қазіргі уақытта көлік арнайы тұраққа қойылған.