Бүгін футболдан премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 22-турында «Астана» «Тобылдан» басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған турда елордалық «Астана» өз алаңында Қостанайдың «Тобыл» командасын қабылдады.
Елордалық команда биыл бас жүлдеге үміткер саналады. Дегенмен соңғы төрт турда екі мәрте тең түсіп, екі рет жеңілістің ащы дәмін атты. Салдарынан турнир кестесіндегі жағдайын қиындатып алды.
Бүгінгі кездесу барысында «Астана» жинақы қимыл көрсетті. Ойынның 5-минутында Дембо Дарбо мергендік танытса, 77-минутта Алекс Аманович есепті ұлғайта түсті.
Ал қостанайлық клубтан Серж Дебле 90-минутта бір гол соқты.
Осылайша «Астана» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті.
Сондай-ақ, бүгін «Атырау» мен «Қызылжар» 0:0 есебіне қанағат білдірді.
Айта кетсек, 16 қыркүйекте өз алаңында «Ақсу» «Оқжетпеске» 0:1, «Каспий» «Мақтаралға» 0:2 есебімен жол берді.
Енді елорда уақытымен 21:00-де «Ақтөбе» мен «Ордабасы» командалары сынға түседі. Бұл кездесуде шымкенттік клуб жеңіске жеткен жағдайда чемпиондық атаққа бір қадам жақындай түседі.
Ал 17 қыркүйекте «Жетісу» мен «Қайрат», «Шахтер» мен «Қайсар» командалары кездеседі.