Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Ақтөбеде жауын-шашын салдарынан бір аудандағы егін ору жұмысы тоқтады

AstanaTV
19.09.2023ж. 10:53
431
Ақтөбеде жауын-шашын салдарынан бір аудандағы егін ору жұмысы тоқтады

Ақтөбеде 212 мың гектар жерден дәнді дақыл жиналды. Бұл жалпы егіс алқабының тең жартысы ғана. Қазір жауын-шашын салдарынан комбайндар тоқтап тұр. Ал дәнді дақыл қайта көктеп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша биыл 740 мың гектардан астам жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның 440 мың гектарға жуығы – дәнді дақыл. Бүгінде 212 мың гектардан астам жерден дәнді дақыл жиналды. Бұл – жалпы егін алқабының тең жартысы. Әр гектарынан орта есеппен 10,4 центнер өнім жиналған. Қазір қоймаға 220,4 мың тонна астық түсті. Бұл аз. Себебі жауын-шашын салдарынан комбайндар тоқтап тұр, ал егіннің бір бөлігі қайта көктеп кеткен.

«Жауын-шашын көп, шаруаларға қиын. Әсіресе, Әйтеке би ауданында жағдай өте күрделі болып тұр. Мамандар барып қарады. 138,1 мың га дәнді дақылдар алқабының тек 16,7%-ы ғана жиналды. Ауданда 21 тамыздан бері жауын-шашын тоқтаусыз жауып, егін жинау жұмыстары толығымен тоқтады. «Қазгидромет» РМК деректеріне сәйкес, Әйтеке би ауданы бойынша жауын-шашын айлық нормадан тамызда 136,6 мм және қыркүйек айында бүгінгі күнге 263,1% артық түскен. Алдағы күндері тағы да жауын-шашын болады деген болжам бар», - деді Ақтөбе облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай.

Дәл осы Әйтеке би ауданында сарғайған дән қайта көктеп кеткен.

«Мұндай астық тек мал азығы ретінде жарамды. Оны өткізу мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Облыс басшысы Асхат Шахаров астық өсіретін диқаншылардың қиын жағдайдан шығуы үшін көмек көрсетіп, жан-жақты шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында егін алқабының 75,7%-ы Әйтеке би, Қарғалы, Хромтау, Мәртөк аудандарында орналасқан. Мұндағы Әйтеке би ауданының үлесі – 22,2%.