Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары аясында бірқатар компаниялармен келіссөздер жүргізілді

19.09.2023ж. 20:00
851
Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары аясында бірқатар компаниялармен келіссөздер жүргізілді

Қазақстан – мультилатерализмнің тірегі, жаһандық деңгейдегі бейбітшілік қорғаны ретінде басымдыққа ие. БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерриш Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде осылай деді. Мемлекет басшысы мен бас хатшы екіжақты серіктестіктің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Тараптар жан-жақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын, сондай-ақ қазіргі заманның өзекті сын-қатерлерін талқылады. Сонымен қатар, Президент АҚШ-қа жұмыс сапары аясында бірнеше елдің басшыларымен келіссөздер жүргізді. Толығырақ Сүндет Оралбеков айтады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Президенті Каталин Новакпен бірге БҰҰ-ның "Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолындағы прогресті жеделдетудің негізгі өтпелі процестеріне қатысты ауқымды іс-қимылдарды жандандыру" атты Көшбасшылар диалогының бірінші сессиясында төрағалық етті. Мемлекет басшысы өз сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі күн тәртібі бүгінгі өскелең ұрпақтың жарқын болашақ құруына берілген бір ғана мүмкіндік екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Геосаяси қақтығыстарға байланысты шиеленісе түскен қазіргі жаһандық сын-қатерлер біздің ұжымдық күш-жігерімізге нұқсан келтіріп отыр. Бұл кедергілерді еңсеруге жекелеген мемлекеттің шамасы жетпейді. Әлемдік қоғамдастықтың бірлігінің арқасында ғана елеулі жетістіктерге қол жеткізе аламыз.

Президент саммитке қатысушыларға халықаралық қаржы архитектурасына тың серпін беруді ұсынды. Оның айтуынша, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін қаржы жүйесі таңдаулы ғана елге емес, барлық мемлекетке теңдей ықпал етуі қажет. Экология, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы проблемаларды шешу үшін орасан зор қаржы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев климат, азық-түлік және энергетика дағдарысы орнықты дамуға айтарлықтай қауіп төндіретініне тоқталды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз БҰҰ-ның басшылығымен техникалық қолдау, ғылыми зерттеулер және қауіп-қатерлерді бағалау салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға тиіспіз. Орнықты даму саласындағы мақсаттар бәріміз үшін жарқын әлемге жол ашады. Біз бірігуіміз және күш-жігерімізді арттыруымыз қажет. Қазақстан БҰҰ-ның орнықты даму саласындағы тегеурінді әрі тиімді рөлін әрдайым жақтайды.

Елімізде IT саласына тың серпін беретін жүйелі жобалар жүзеге асырылады. Мемлекет басшысы Аmazon корпорациясының вице-президенті Сьюзан Пойнтермен кездесіп, Amazon Web Services арасында Outpost «бұлтты» технология шешімін сатып алу және оны QazTech платформасымен интеграциялау жөніндегі пилоттық жобаны іске қосу туралы келісімге қол қойды. Бұл қадам жаһандық алпауыт елдердің дата-орталықтарын Қазақстанда орналастыруға және еліміздің өңірлік IT-хаб ретіндегі әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді.

Бағдат МУСИН, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРІ:

Бізде Amazon Web Services-тің Оutpost деген шешімі қазақстандың еговтың бірқатар сервистерін сол "бұлттық" технологиялардың аясында жүргізілуі талқыланды. Және келісімшартқа қол жеткізген болатынбыз. Яғни, бүгіннен бастап осы Amazon Web Services технологиялары біздің эговерменттің бірнеше қызметтерінде пайдаланылатын болады.

Алдағы уақытта елімізде компьютерлік томография, ангиография және маммография құрылғылары шығарылмақ. Мемлекет басшысы GE Healthcare компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша президенті Роб Уолтонмен кездесіп, негіздемелік келісімге қол қойды. Президент бұл бастама отандық дәрі-дәрмек пен медициналық техника өндірісінің үлесін 2025 жылға қарай 50 пайызға дейін арттыру міндетіне толықтай сай келетінін айтты. Сондай-ақ компания Астана медициналық университеті базасында өз академиясын ашпақ. Сол арқылы денсаулық сақтау жүйесі мамандарының біліктілігін арттыруға арналған білім беру бағдарламасын жүзеге асырады. Оқу орны биыл қазан айында қызметіне толық кіріседі.

Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

GE компаниясымен бірге біздің медицина саласындағы әртүрлі диагностикалық апараттардың барлық суреттері жиналып, үлкен архив жиналып, ары қарай денсаулық сақтау саласында диагностиканы жақсартатын үлкен жоба қарастырылып жатыр. Бұл жобаның, бұл келісімнің шамамен инвестициясы 60 миллион доллардан асады.

Мемлекет басшысы Словения, Иран, Финляндия, Эстония мемлекеттерінің басшыларымен де кездесіп, келіссөздер жүргізді. Сарапшылар Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапары елдің экономикалық және саяси аренада беделін одан ары арттыра түседі дейді.

Бекжан СЫДЫҚОВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Мемлекет басшысының өзге елдер президенттерімен кездесуін атап айтқым келеді. Себебі, бұл -жүздесулер өте маңызды. Мысалы, Венгрия -біздің стратегиялық серіктесіміз. Словения- сауда серіктесіміз. Келіссөздерден кейін елдердің достығы одан ары нығаяры анық. БҰҰ-ның саммитінде Қасым Жомарт Кемелұлының төрағалық етуі де саяси аренада еліміздің беделін көтерді.

Ғазиз ӘБІШОВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Егер корпорациялар Қазақстанға келіп, зауыттар ашса, бізге өте тиімді болуы мүмкін. Себебі мыңдаған американдық елімізге келе алмайды. Сондықтан бірнеше жылдың ішінде сол зауыттарда қазақстандықтар жұмыс істейді. Бұл жалақы, салық тағы сол сияқты. Сол себептен өте пайдалы.

Алда «Орталық Азия – АҚШ» саммиті. Онда бізге тікелей қатысты сұрақтар қаралады.