$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Қазір жүгіріп барып, доллар сатып алатындай жағдай емес", - сарапшы

21.09.2023ж. 20:00
887
"Қазір жүгіріп барып, доллар сатып алатындай жағдай емес", - сарапшы

Астанада 2,1 миллиард теңгенің көлік салығы төленбеген. Жауаптылар берешекті өндіріп алу үшін бірнеше нұсқа қарастырды. Доллар бағамы күн сайын қымбаттап барады. Оған не себеп? Толығырақ Экономика топтамасында.

27 МЫҢ АДАМ КӨЛІК САЛЫҒЫН ТӨЛЕМЕГЕН

Елордада 27 мың адам көлік салығын төлемеген. Берешектің жалпы соммасы 2,1 миллиард теңгені құрайды. Арнайы рейд кезінде мыңнан астам темір тұлпар анықталған. Басым бөлігінен өндірілген. Ал 33 автокөлік айып тұрағына қойылды.

ӘРБІР ТҰРҒЫН АЙЫНА 17 ЖҰМЫРТҚА ЖЕЙДІ

Қазақстанның әрбір тұрғыны айына 17 жұмыртқа жейді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше 8 айда елімізде 3,3 миллиард данадан астам жұмыртқа өндірілген. Өткен жылмен салыстырғанда 2,1 процентке аз. Тауық жұмыртқасын өндіруде Ақмола облысы көш бастап тұр. Қазір дүкен сөрелерінде 1-ші санаттағы 10 жұмыртқаның орташа бағасы шамамен 461 теңге.

ДОЛЛАР 477 ТЕҢГЕГЕ ЖЕТТІ

Доллар қымбаттап барады. Бүгін шамамен 2 теңгеге көтерілді. Ұлттық банк бағамы бойынша 1 доллар – 473 теңге, Ресей рублінің орташа сараланған бағамы 4,9 теңге болды. Астанадағы валюта айырбастау орындарында 1 доллар 471 – 475 теңгеден сатылып жатыр. Ал Алматыда доллар бағамы 473 – 477 теңге аралығында, құбылып тұр. Дәл қазіргі уақытта ақша айырбастау орындарында көрші ел валютасы 4,8 – 4,99 теңге аралығында саудалануда. Сарапшылар теңгені долларға ауыстыруға асықпауға кеңес береді.

Айбар ОЛЖАЕВ, ҚАРЖЫ САРАПШЫСЫ:

Бізге күту керек. Негізі бізде барлығы жаман емес. Паникаға бой алдырып, жүгіріп барып доллар сатып алатындай жағдай емес қазір. Доллар 520-ға жеткен жоқ мысалы. Бұл қалыпты, құбылмалы жағдай. Адамдар доллар сатып аламыз, ол өсіп кетеді деп ойласа ұтылып қалуы мүмкін.

ЗЕЙНЕТКЕР КӨБЕЙДІ

Елімізде зейнеткерлер саны 2,3 миллионнан асты. Бұл соңғы жылдардағы ең жоғарғы көрсеткіш. Биыл жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 923 теңге, ынтымақты зейнетақы мөлшері – 83 092 теңге, базалық зейнетақы – 37 831теңгені құрады.