Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

25 жасқа толмаған қазақстандықтар құмар ойындарын ойнай алмайды

21.09.2023ж. 20:00
742
25 жасқа толмаған қазақстандықтар құмар ойындарын ойнай алмайды

Енді 25 жасқа толмаған қазақстандықтар құмар ойындарын ойнай алмайды. Ал несиесін уақытында төлемегендер ойын автоматтары мен бәс тігу орталықтарына тіпті аттап баса алмайды. Тәуелділіктің алдын алу үшін жауаптылар тағы қандай жолдарды қарастырмақ? Лудомания дертін қалай емдейміз? Әріптесім, тарқатып айтады.

Жүзін жасырып, өзін Арман деп атауымызды сұраған бұл кейіпкер құмар ойынның құрығына студент кезінде түскен. Сөзінше, бастапқыда қызық үшін 500 теңгеге бәс тіккен. Бірақ кейін шырмаудан шыға алмай, тапқан табысының тең жартысын құмар ойынға жұмсай бастапты. Осылайша 11 жылдың ішінде лудоманияның кесірінен дос-жаран, туған-туыстарынан алыстаған. Себебі бәске тігетін ақша таппай, жақындарын бопсалай бастаған.

Арман, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

11 жылдың ішінде бір 10 миллионнан асатын шығар барлық ұтылған суммам. Қаржылық жағынан бөлек, осы 10 жылдың ішінде әке-шешеме, інілерім-қарындастарыма алып келген психологиялық травмалар өте үлкен. Әйелім екіқабат кезіндегі 3 рет больницаға түсті ауруханаға, балаға түсік жасауға деген симптомдармен. Ол кезде маған түссін, түспесін маған бәрі-бір болған.

Лудомания психикалық ауытқуға соқтыратын сырқаттар санатына жатады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда шамамен 36 мың лудоман бар. Бейресми дерек бойынша олардың саны 350 мыңға жеткен.

Ержан ЕРКІНБАЕВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Соңғы 2-3 жылдың көлемінде елде құмар ойындарымен байланысты қылмыстар жиілеп кеткенін атап өту керек. Жылдам байлықты, жеңіл ақшаны уәде ететін, ал нәтижесінде ұтылысқа әкеліп соғатын әдемі жарнама көптеген адамдардың несие мен қарыздарына батуына себеп болды.

Телефон болса үйде отырып та, көлікте, көшеде жүріп те бәс тігу оңай. Қанша тігу де өз еркіңде. Мәселенің нақ шешімі тек ойын алаңдарын азайту ғана емес, сол ойынға басымен кіріп кеткендерді емдеу дейді мамандар.

Айдос ИБРАХИМ, ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Менің орталығыма тіпті беделді қызметте істейтіндер бірнеше рет келді. Себебі олар толыққанды ем ала алмайды. Бір ай ғана демалыс алып, орталықта емделеді. Бұл жетпейді. Құмар ойынға тәуелді адам кем дегенде 8 ай тұрақты ем алу керек. Ол адамды мамандар 1 жыл бойы бақылауда ұстайды.

Жауапты министрлік дерт дендеп бара жатса да, букмекерлік компанияларға мүлдем шектеу қоя алмаймыз деп отыр. Айтуларынша оның арты бұдан да үлкен мәселелерге алып келуі мүмкін. Сондықтан енді 25 жасқа толмаған қазақстандықтар құмар ойындарын ойнай алмайды. Ал несиесін уақытында төлемеген адамдар ойын автоматтары мен бәс тігу орталықтарына тіпті аттап баса алмайды.