Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Елімізде мыңнан аса құрылыс -заңсыз

21.09.2023ж. 20:00
599
Елімізде мыңнан аса құрылыс -заңсыз

Еліміздің 14 қаласында мыңнан астам құрылыс заңсыз салынған. Мамандардың айтуынша, бұған жергілікті атқарушы органдардың бас жоспарға немқұрайлы қарауы себеп. Павлодар қаласының өзінде соңғы үш жылда 50-ден астам құрылыста заң бұзушылықтар анықталды. Енді ол ғимараттар бұзыла ма? Мәселенің мән-жайын тілшіміз Өзгеріс Қуанар жеткізеді.

Павлодар педагогикалық университетіне жатақхана саламыз деген инвестор жерді жекеге сатып жіберген. Салдарынан студенттер үйсіз қалды. Ал ол аумаққа жаңа қожайын элиталы баспана тұрғызған. Ал Луговой көшесіндегі мына үй бастапқы жоспардан ауытқып, 1 қабатты артық салған.

Талғат ӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ПРОКУРОРЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Жер жеке адамға жеке тұлғаға беріледі. Сосын одан басқа жеке тұлға алып алады да жаңағы құрылыс нысанын өзі соғады да ары қарай мен соқтым осыны заңдастырып беріңдер дейді. Ол заңсыз оның істеп отырған әрекеті.

Бас прокуратураның мәліметінше, елімізде мыңнан астам нысан рұқсатсыз бой көтерген. Тек Павлодар қаласының өзінде мұндай құрылыстар саны 50-ден асады.

Арман ШАҒАРМАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Сот жарлығы бойынша Павлодар облысында сүрілуге тиіс үш объекті бар. Сол үш объект Павлодар қаласында Естай 102 көшесі бойынша, Сәтбаев көшесінде 245\1 және де Максим Горький көшесінде 44. Екі объект бойынша сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Ал құрылыс саласының мамандары бұндай заңсыздықтардың көбеюі бақылаудың жоқтығынан - деп отыр. Өйткені, 2016 жылдан бастап, мемлекеттік сәулет, құрылыс инспекциясы тексеру құзыретінен айырылған. Соның кесірінен кәсіпкерлерге басы артық тексеру жүргізе алмайды.

Нұргүл ҚАЙЫРДЕНОВА, ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

Олар тіпті мынау құрылыс басталғанда тексеруге баруға да, жаңағы нысанның басына бара алмайды. Ол үшін міндетті түрде біреуден арыз өтініш түсуі керек. Соның негізінде ғана рұқсат қағазын алады тексеріске содан кейін ғана орынға шығады.

Қазір салынып біткен ғимаратты ешкім тексермейтін болған. Бұл да заңсыздыққа жол ашып тұр. Сондықтан да, заңға қайта өзгертулер енгізу керек – дейді, депутат.

Бекболат ОРЫНБЕКОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Міндетті түрде сәулет бақылау инспекторының санын көбейту қажет. Екінші мәселе, сәулет бақылау инспекторларының еңбекақылары да өте күрделі болып тұр. Осы мәселені шешу қажет деп біз есептейміз. Бұл өте күрделі мәселе. Сол себепті мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау жұмыстарын жаңа форматқа енгізу қажет.

Құрылыста бақылаудың жоқтығынан жаңа салынған үйлер қирап қалатын болған. Бұған -Қарағандыдағы «Бесоба» тұрғын үй кешенінің күл талқан болуы дәлел. Ұлттық экономика министрлігі жаңа заңда жедел әрекет ету шарасын қарастырып жатыр. Бұл кемшілікті дер кезінде жойып, заңсыз құрылысты ерте бастан тоқтатуға мүмкіндік бермек.