$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Елде шала туған нәрестелер арасында ретинопатия ауруы белең алып барады

21.09.2023ж. 20:00
1162
Елде шала туған нәрестелер арасында ретинопатия ауруы белең алып барады

Елімізде шала туған нәрестелер арасында ретинопатия ауруы белең алып барады. Былтырдың өзінде 1600-ге жуық шақалақ осы диагнозбен дүниеге келді. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда 34 процентке көп. Дертке уақытылы ем-дом жасалмаса, сәби қос жанарынан бірдей айырылуы мүмкін. Өкініштісі елімізде дертті емдейтін арнайы аппараттар жетіспейді. Тақырыпты Аружан Задабек тарқатады.

Ретинопатия -тек шала туған шақалақтарда кездесетін көз ауруы. Сырқат тез дамиды. Бірнеше күннің ішінде микрохирургиялық операция жасалмаса, бала соқыр болып қалуы мүмкін. Мерзімінен бұрын туған нәрестелердің көз жанарында осы аурудың бар-жоғын тек арнайы диагностикалық тексеру арқылы анықтауға болады.

Жансая БАЙҒАБЫЛ, "АНА МЕН БАЛА" ҰҒО АҚ ОФТАЛЬМОЛОГ ДӘРІГЕРІ:

16 аптадан бастап көздің даму процесі басталады. Ол 42 аптаға дейін жалғасады. Яғни шала туылған нәрестеді, сәйкесінше, ол даму процессі толық бітпейді. Соның нәтижесінде, балаларда ретинопатия диагнозы қойылады.

Қазақстанда жыл сайын 20 мыңға жуық шақалақ уақыты жетпей өмірге келеді. Оның 40 пайызында ретинопатия ауруы бар. Олардың көбіне арнайы жабдықтың жоқтығынан дер кезінде офтальмологиялық операция жасалмайды.

Мағрипа ЕМБЕРГЕНОВА, ҚР ДСМ АНА МЕН БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫН САҚТАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

6 айдың ішінде где-то 700 баладан ретинопатия анықталды. 200 балаға операция жасалды. Офтальмоскоппен баланың көзін қарайды. Егер ретинопатия анықталса әрі қарай осы аппараттармен зерттейді. Сосын керекті балаларға бақылау жасайды.

Қазір арнайы қорлар аймақтардағы перинатальдық орталықтарды лазерлік аппаратпен жабдықтауды қолға алған. Оған өз бюджеттерінен 248 миллион теңге бөлген. Осы көмектің арқасында 2 мыңнан астам жаңа туған нәресте көз тексеруінен өтті. Сондай құралдың бірі бүгін Астандағы «Ана мен бала» орталығына табысталды.

Айдан СҮЛЕЙМЕНОВА, «AYALA» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанның Перинаталдық және ғылыми орталықтарын ерте шала туған балалардың ретинопатиясын ерте скринингке арналған жабдықтармен жабдықтау өте нашар жағдайда болды - ол тек 4 орталықта ғана тұрды. Біздің қордың күш-жігерінің арқасында олармен еліміздің 15 медициналық мекемесі, соның ішінде Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы жабдықталды.

Жыл сайын елордада 30 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Оның 1,5 мыңы шала туады. Астанада ретинопатияны анықтайтын төрт медициналық орталық бар. Ал ел бойынша олардың саны – 15-ке жетті. Демек, офтальмологиялық скринингпен қамту 12 процетке өсті. Бұл ай-күні жақындамай дүние есігін ашқан балаларды қауіпті аурудан сақтауға бағытталған қадам – дейді мамандар.