Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Екібастұзда 3 үйдің ауласын су басып қалды

22.09.2023ж. 20:00
491
Екібастұзда 3 үйдің ауласын су басып қалды

Екібастұзда 3 үйдің ауласын су басып қалды. Бұған жылу құбырын сынақтан өткізу кезіндегі апат себеп болған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Тек тұрғындардың бау-бақшасы мен даладағы дүние мүлкі суда қалған. Жарамсыз күйге түскен мүліктің шығынын әзірге кімнің өтейтіні белгісіз. Тұрғындар әлі күнге дейін ашық жатқан құбырлар уақытылы жөнделеді дегенге де күмәнмен қарап отыр. Екібастұзға жылу уақытылы беріле ме? Тілшіміз Өзгеріс Қуанар айтады.

Жарылған құбырдан атқылаған ыстық су Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі 3 үйдің ауласын басып қалды. Тұрғындар ала жаздай өсірген көкөністерін жинап үлгере алмады. Барлығы жарамсыз күйге түскен.

Наталья СИТДИКОВ, ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Егер су атқылаған кезде бау-бақшада біреу жүрсе, өлтіретін еді. Өйткені, ыстық судың екпіні қатты болды. Өте қорқынышты. Жаздай өсірген жемістер жарамсыз болып қалды. Енді не істерімді білмеймін.

Марат ӨТЕГЕНОВ, ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл топырақтың бәрі жарылған құбырмен ағып келген. Амал жоқ мынанның бәрін тасып, ауланы тазалау керек. Бәрінен де құрылыс материалдарым түкке жарамай қалды. 20 қап цемент, 1 жарым куб тақтай, жаңа есіктер бәрі судың астында жатыр.

Әлі күнге дейін құбырлардағы жөндеу жұмыстары аяқталмаған. Тұрғындар жылу уақытылы берілмей қала ма - деп алаңдап отыр.

Николай НЕУПАКОЕВ, ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жұмысшылар таңертең сағат 10-да жұмыс істеп жатқан. Сағат 12-ге қарай келсем ешкім жоқ. Түскі асқа кетіп қалыпты. Міне, сағат 13.30 болды. Әлі ешкім жоқ. Мынау құбырларды жазда қазып тастаған. Әлі көмілген жоқ. Күз келді. Бұлардың мына түріне қарап, жылу береді дегенге сенбеймін.

Қала әкімінің сөзінше, 4 жылу магистралінде жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі күні оның үшеуі аяқталды. Бір жылу құбыры қажетті жабдықтың жоқтығынан тоқтап қалған.

Аян БЕЙСЕКИН, ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бүгінгі күні келе жатыр. Ертең 4 компессатор келеді. Оны орнату үшін бір сутка уақыт керек. Содан 5,8,12 магистральдар бір-біріне жалғанғаннан кейін жууын, сынағын 20-нан 25-не дейін көздедік қыркүйек айының. Екіншісін 25-нен 30-на дейін деп жоспарладық. Бүгінгі барлығы жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Ешқандай тәуекелдер жоқ.

Шаһар басшысы жөндеу жұмыстары қыркүйектің соңына дейін аяқталады –деп сендірді. Ал жылу беруді 1 қазанда бастамақ.