$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қазақстан мен Қырғызстанның ынтымақтастық форумында қандай құжаттарға қол қойылды

AstanaTV
23.09.2023ж. 15:27
1586
Қазақстан мен Қырғызстанның ынтымақтастық форумында қандай құжаттарға қол қойылды

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Таразда өтіп жатқан Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы I Өңіраралық ынтымақтастық форумында сөз сөйледі.

Бизнес өкілдері екі күн бойы іскерлік әріптестіктің практикалық мәселелерін, ал өңірлер – экономикалық және әлеуметтік дамудың, агроөнеркәсіптік кооперацияның және су-энергетикалық ынтымақтастықтың өзекті тақырыптарын талқылады.

Әлихан Смайылов атап өткендей, форум екі Мемлекет басшыларының Қазақстан Республикасы мен Қырғызстан Республикасының өзара іс-қимылының жаңа форматын құру жөніндегі бастамаларын жүзеге асыру мақсатында өткізіліп отыр.

"Бүгінгі форум екіжақты қарым-қатынастарды тереңдетуге қосымша мүмкіндіктер ашатынына, елдеріміздің өңірлерін жақындастырып, экономикалық өсудің жаңа мүмкіндіктерін айқындайтынына сенімдімін", - деді ол.

Премьер-министр Қырғызстан еліміздің маңызды сауда серіктесі екенін атап өтті. Соңғы жылдары өзара сауда тұрақты түрде өсу қарқынын көрсетіп келеді. 2021 жылдың өзінде-ақ тауар айналымын $1 млрд-қа көтеру мақсатына қол жеткізілді, ал 2022 жылдың қорытындысына сәйкес бұл көрсеткіш тағы 19%-ға артты.

"Бүгінгі таңда алдымызда бұдан да ауқымды мақсат – сауда көлемін $2 млрд-қа жеткізу тұр. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар. Біз оларды белсенді түрде пайдалануымыз қажет", - деді Әлихан Смайылов.

Бұл ретте екі ел арасында тиімді инвестициялық өзара іс-қимыл жолға қойылған. 2005 жылдан бері қазақстандық компаниялар Қырғызстан экономикасына шамамен $1,3 млрд инвестиция салса, өткен жылдың өзінде $200 млн-ға жуық инвестиция құйылды, бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 2,5 есеге көп.

"Қазақстанда 3,5 мың бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеп келеді, өткен жылдан бері олардың қатарына 200-ге жуық жаңа компания қосылды. Біздің инвестициялық ынтымақтастығымыздың мүмкіндіктері әлдеқайда кең екені сөзсіз және біз бірлескен жобаларды одан әрі жүзеге асыруға мүдделіміз", - деді Премьер-министр.

Оның айтуынша, бұл ретте өңірлердің ынтымақтастығы басты рөл атқарады. Қазақстанның екі облысы – Алматы мен Жамбыл ұзындығы шамамен 1200 км мемлекеттік шекара арқылы Қырғызстанның үш облысымен шектеседі. Сонымен қатар бүгінде өңіраралық және шекара маңы сауда қатынастарының түбегейлі жаңа жүйесі құрылып отыр.

"Өткен жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға сапары барысында біздің облыстарымыз ынтымақтастықты дамыту туралы алты құжатқа қол қойды. Бүгінгі форум шеңберінде екі тараптың тағы екі облысы арасында бауырластық байланыстар орнатылып отыр", - деді Әлихан Смайылов.