$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Оралда алимент төлемей жүргендердің берешегі 800 миллион теңгеден асты

25.09.2023ж. 20:00
686
Оралда алимент төлемей жүргендердің берешегі 800 миллион теңгеден асты

Әке болу оңай болғанымен, әке болып қалу қиын... Бауыр еті баласына алимент төлемей жүрген оралдықтардың берешегі 800 миллион теңгеден асыпты. Кімнен көмек сұрарын білмей күйінген келіншектер енді шерулетіп көшеге шығамыз деп отыр. Өйткені алимент төлемеудің амалын тапқан тасжүрек әкелер табысын аз етіп көрсетеді, енді бірі өзін жұмыссыз ретінде рәсімдейді екен. Әрі олардың қатары көбейіп келеді. Баласын несібесінен айырған 10 мыңнан астам безбүйректің қатары биыл тағы мыңнан астам адаммен толыққан. Ашынған әйелдер заңға өзгеріс енгізіп, жазаны барынша күшейту керек дейді.

Альбина МАГЗУМОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Менің папам алимент төлеген жоқ. Суммасы өсе берді. 3 миллионға барды. Төлемей жүр әлі де. Сот орындаушылары өздері жауап бермейді. Папам да жауап бермейді. Әкем айтады: 18-ге толды менің правам жоқ төлеуге дегендей.

Екатерина АГАСИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Сот шешімі орындалмағасын, прокуратураға шағымданамыз. Олар әділет басқармасына жібереді. Ал олар арызыңызды қайтып алыңыз деп сұрайды. Бізді бұлай сандалтпас үшін заңды өзгертіп, алимент төлемегендердің шетелге шығуына тыйым салу керек. Тіпті қылмыстық жауапкершілік жүктесе де артық етпейді. Өйткені жағдайы болса да, баласынан безгендер заңның осал тұсын жақсы пайдаланады.

Ашуға мінген әйелдер енді митингіге шығудың амалын қарастырып жатыр. Олар енді жергілікті әкімдіктен бейбіт шеру өткізуге рұқсат сұрап, қоғам назарын өздеріне аудармақ ниетте. Әйтпесе жалғызбасты анаға бала тәрбиесі оңай емес, дейді. Жағдайды жақсы білетінін айтқан сот орындаушылары борышкерлерге шара қолдану оңай еместігін айтады.

Дарья КАЧУР, БҚО ЖЕКЕ СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРЫ ПАЛАТАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз оларға қатаң шара қолдана алмаймыз. Өйткені заңда жалақының ең төменгі мөлшері белгіленген. Сондықтан олар заңдағы осы кемшілікті пайдаланып, табысы жоғары болса да, барынша азайтып көрсетеді. Бірақ заң бойынша мұны тексеруге құқығымыз жоқ.