Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Үкімет дәрігерлерді өңірге баруға ынталандыратын жаңа әдістер әзірлемек

AstanaTV
26.09.2023ж. 13:12
1225
Үкімет дәрігерлерді өңірге баруға ынталандыратын жаңа әдістер әзірлемек

Дәрігерлердің өңірлерге барып жұмыс істеуін ынталандыратын жаңа әдістер әзірлеу керек. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тиісті кадрлармен, бірінші кезекте аса қажет мамандармен қамтамасыз ету үшін медициналық университеттер және колледж түлектерімен бірге тәжірибелі мамандарды да өңірлерге, әсіресе ауылдық жерлерге тарту мәселесін пысықтау қажет. Көріп отырғанымыздай, жұмыстар әлі де жеткіліксіз. Ынталандырудың жаңа әдістерін әзірлеу керек», - деді Премьер-Министр.

Әлихан Смайыловтың дерегінше, денсаулық сақтау объектілерін медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету көрсеткіші 84 пайыз құрайды. Олардың жартысынан көбі тозған. Сондықтан уақтылы және сапалы медициналық көмек көрсету үшін өңір әкімдіктері медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектілерін қолданыстағы нормативтерге сәйкес жабдықтауы қажет.

«Денсаулық сақтау саласын цифрландыру жұмыстарын күшейту керек. Бұл ретте, медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектілеріне ерекше көңіл бөлу қажет. Өңір әкімдіктері Цифрландыру министрлігімен бірлесіп, аудандық деңгейден төмен денсаулық сақтау ұйымдарын жоғары жылдамдықты Интернетке қосу процесін тездетуі тиіс»,- деді Үкімет басшысы.

Премьер-министр қажетті консультацияны жедел алу үшін телемедицина мен қашықтан қызмет көрсетуді ауылдарға дейін жеткізу қажеттігіне тоқталды.

«Аталған іс-шаралар тұрғылықты жері бойынша медициналық қызметтердің қолжетімді болуын қамтамасыз ету туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыруға мүмкіндік береді», - деді Әлихан Смайылов.